Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Ұлттық құрылтай — ұлт мүддесін көздейтін бас қосу

Ұлттық құрылтай — ұлт мүддесін көздейтін бас қосу

Ұлыстың ұлы күні әз-­Наурызда Атырау облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» атты үшінші отырысы өтті.

Изображение


Алқалы жиынға Ұлытау облысынан «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ-нің төрағасы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы, Қазақстанның Құрметті металлургі, Қарағанды облысы мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіров қатысып, ұлттық мүддені көздейтін өзекті мәселелерді ортаға салған болатын.
– Құрметті Төлеген аға, Ұлттық құрылтай туралы азды-кем анықтамадан әңгімені өрбітсек.
- Көшпенділер құрылтайы — ғұн дәуірінен басталып, түркі дәуірінде іргеленген жүйе. Дала философиясы қоғамдағы сан-қырлы топтар мен тайпалардың басын біріктіріп, түрлі бастамалары мен ой-пікірлеріне құлақ асып отырған. Демократияның дала философиясындағы көрінісі — Ұлттық құрылтай құрамында 117 азамат бар, олар әр өңірдегі қоғамдық кеңестердің мүшелері, түрлі саланың өкілдері. Басқаша айтқанда, Ұлттық құрылтай ел ішінде халықтың сөзін сөйлеп жүрген, бірақ, парламент пен мәслихат құрамына кірмеген азаматтарға мемлекет дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік беретін алаң деуге болады. Сондай-ақ Құрылтай құрамын әрдайым жаңартып, ротация жасалып отырады. Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналды.
- Атырау облысындағы Құрылтайға қатысып, келелі мәселелерге үн қосып келгеніңізден хабардармыз. Алқалы жиынға шақырту қалай жүзеге асты? Қандай мәселелер қаралды? Сіздің тарапыңыздан қандай ұсыныстар ортаға салынды?
- Бұл жиынға қатысатыным тосын хабар болды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 23‑ші күні Жезқазған, Сәтбаев қалаларының бір топ еңбек ардагерлерімен Сарысу кеңшарына тұрғындармен кездесуге барған болатынбыз. Сол жерде жүргенімізде Президент әкімшілігінің жанындағы Ұлттық құрылтай хатшылығы қызметкері телефон шалып, менің Ұлттық құрылтай мүшесі болғанымды хабарлап, құттықтады. Құрылтайдың үшінші отырысы қарсаңында 27 қаңтарда, Астана қаласында өтетін секция жұмысына қатысуымды хабарлады. Бардым, қатыстым. Ұлттық құрылтай мүшелерінің басым көпшілігі қатынасқан жиынды ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин ашып, өткен екі құрылтайда айтылған ұсыныстардың орындалуынан мағұлымат берді және Ұлттық құрылтайдың кезекті үшінші отырысы наурыз айында Атырау қаласында өтетінін хабарлады. Кезекті Ұлттық құрылтайға дайындық мақсатында тың ұсыныстар мен көтерілетін сұрақтарды алдын-ала талқылау үшін құрылтай мүшелерін төрт секцияға бөлінгенін айтты. Олар: 1. Азаматтық қоғам; 2. Мәдениет. Өнер. Руханият; 3. Білім және ғылым; 4. Әлеуметтік-­экономикалық даму.
Мен «Әлеуметтік-­экономикалық даму» секциясының жұмысына қатынастым. Секция жұмысын Премьер министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жүргізді. Ұлттық экономика министрі А.Қуантыров қатынасты. Секция жұмысына қатынасқан құрылтай мүшелерінің барлығы сөз алды, өздерінің сұрақтары мен ұсыныстарын ашық ортаға салды.

Изображение


Мен де ұсынысымды ортаға салдым:

1. Жер қойнауынан өндірілетін кендерді толығымен игеру керек. Кен құрамындағы негізгі металлдарды алып, қосалқы-­леспе металлдарды өндіру-­өңдеу жұмыстары толық жүргізілмей келеді. Жер қойнауындағы кен байлығы шектеулі екенін ескерсек, оны неғұрлым тиімді пайдалануды қолға алатын уақыт келді. Қажет болса заңдарға тиісті өзгертулер енгізуді ұсынамын.
2. Кеңес дәуірінде Қазақстанды шикізат қоры ретінде пайдаланған саясат әлі жүріп жатыр. Көп айтылды, бірақ үлкенді-­кішілі жобалар әлі толығымен орындалмауда. Өндірілген металлдарды шикізат күйінде сатамыз. Қосымша құны жоғары өнімдер алуды үкімет қолға алуы абзал, болмаса алпауыт мекемелерге міндеттеу керек. Кезінде өндіріс ошақтарын басқарған майталман инженерлер, ғалымдар өздерінің тәжрибелерімен жас буынмен бөлісуге және тиісті көмек көрсетуге дайын.
3. Қазақ жеріндегі сирек кездесетін металлдарды өндіру және өңдеу туралы кешенді бағдарлама қабылдауын ұсынамын.
4. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, халық тұтынатын дайын тауарлар шығару жұмыстары толығымен атқарылмауда.
5. Кеңес Одағы кезінде Ертіс өзені суын Жезқазғанға жеткізу жобасы бекітіліп, қаражат бөлініп, бірқатар жұмыстар қарқынды жүргізілген. Тәуелсіздік алғалы ол жұмыс тоқтап қалды. Орнатылған қондырғылар мен құбырлар қолды болды. Ұлытау облысы шөлейт жерде орналасқанын ескерсек жақын уақытта су тапшылығы болатыны сөзсіз. Үкімет осы жобаны қайтадан қолға алуын ұсынамын.
6. Қазақстан халқына Ұлттық идеология керек. Ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту, ғасырлар бойы шыңдалған қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын мектеп оқушыларына арнай оқытуды ұсынамын.
Төрт сағатқа созылған секция отырысын қорытындылаған Тамара Дүйсенова көтерілген сұрақтар мен ұсыныстарды сараптап, алдағы болатын Ұлттық құрылтай отырысына секция атынан бір құрылтай мүшесіне сөз берілетінін мәлімдеді.
- Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жүзеге асып келе жатқан Құрылтайдың үшінші мәрте Атырауда өтуінде ерекше мән бар ғой?
- Әлбетте, осы алқалы бас қосудағы сөзінде Мемлекет басшысы: «Бүгін тағы бір тарихи өлке — Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі» деді. Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-­қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық — төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар», -деді.
Қорытындылай айтқанда, Ұлттық Құрылтай ұлт мүддесін көздейтін бас қосу деп айтуға толық негіз бар.

(Өз тілшімізден).

13:40
62
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.