Аударыспақтан Қазақстан құрамасы 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр
2024 жылдың 6 тамызында аударыспақтан ұлттық құраманың кезекті оқу-жаттығужиындары басталды. Ұлттық құрама Аллматы облысында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділеройындары алдындағы дайындықтарын пысықтап жатыр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын аударыспақтан ұлттық құрама сапында 12 спортшы бар.
Аударыспақтан Қазақстан құрамасының бас бапкері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанбатыр Бекмұрсаев Көшпенділер ойындарында команда жеңіске жету үшін аянып қалмайтынын жеткізді.
«Біз Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында осымен екінші оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Спортшылар жоспар бойынша жаттығуда. Ойындарға дейін сақадай сай дайын болады деп ойлаймыз. Біздің мақсатымыз — намысқа тырысып, ойдағыдай өнер көрсету. Себебі Қазақстан – көшпенділер ойындарын өткізетін ел. Сондықтан, жеңіске жету үшін барымызды саламыз», — деді бас бапкер Жанбатыр Бекмұсаев.
Аударыспақ – екі салт аттының күресі, ұлттық спорт түрі. Жарыстар арнайы жабдықталған диаметрі 15 метрлік шеңбер тәріздес алаңда өтеді.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Аударыспақ жарысы этноауыл аумағында 9-10 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланған.
Айта кетерлігі, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі — ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі — Halyk Bank.
Барлық жарыстарға билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.