Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы
Орталық Азия аймағы сан ғасырдан бері біртұтас геосаяси және рухани кеңістік ретінде белгілі. Бұл – табиғи ресурсы мен адам капиталы мол, мәдени-тарихи мұрасы бай өңір.
Көшпелі және отырықшы өмір салтының үндестігі мұндағы шаруашылық жүйенің негізі болып қана қоймай, аймақтың өзіндік саяси-құқықтық мәдениетін және кез келген өзгеріске бейімдігімен, төзімділігімен ерекшеленетін құндылықтар жиынтығын қалыптастыруға ықпал етті. Орталық Азия кеңістігі сан алуан империяның құрылғанына, ыдырағанына, саяси және экономикалық модельдердің табиғи жолмен дамығанына куә болды, бірақ өзіне тән бірегейлігін сақтап қалды. Халықтарымыз ежелден түрлі өркениетпен тіл табысып, қарым-қатынас орната білді. Соның арқасында бұл аймақ өзінің этномәдени және рухани ерекшелігін сақтай отырып, Ұлы Жібек жолының және тұтастай алғанда үлкен Еуразияның тарихында шешуші рөл атқарды.
Дамудың жаңа тарихи кезеңінде елдеріміз көптеген сынақ пен қиындықты бастан өткерді. Дегенмен Орталық Азия республикалары «қалыптаспаған мемлекеттердің» қатарына немесе failed states деп аталатын топқа қосылады деген пессимистік болжам расталған жоқ. Аймақтағы елдер өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеп, халықаралық қауымдастықтағы лайықты орнын алды. Халықтарымыздың бірлігі мен даналығының арқасында біз өзіміздің аумақтық тұтастығымызды, еркіндігіміз бен егемендігімізді нығайттық.
Бүгінде өңірдегі әрбір елдің мемлекеттік құрылыс, нарықтық экономиканы дамыту, мәдени мұрасын қалпына келтіру, ұлттық бірегейлігін қалыптастыру ісінде өзіндік тәжірибесі бар десек, артық айтқандық емес.
Қоғамдық және мемлекеттік институттар жаңғыртылды. Дамыған инфрақұрылым мен өнеркәсіп желісі құрылды, мыңдаған шақырым жаңа теміржол мен автокөлік жолы салынды, маңызды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Біздің ашықтық пен жаңару жолындағы бағытымыз ұлттық экономикаларымыздың дәйекті түрде өсуін және олардың әлемдік экономикалық қатынастарға ықпалдасуын қамтамасыз етті. Білім беру, денсаулық сақтау және зейнетақы жүйелерінің жоспарлы дамуы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының айтарлықтай жақсаруына септігін тигізді.
Өңірдегі мемлекетаралық қатынастар да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Елдеріміздің арасында барлық деңгейде сындарлы екіжақты және көпжақты диалог жолға қойылды, өзара тиімді ынтымақтастық дамып келеді. Осыған дейін аймақтағы қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға кедергі келтіріп, қайшылық туғызған мәселелерді шешу жолындағы жетістіктеріміздің мән-маңызы зор.
Су-энергетика саласында өзара тиімді шешім табуға қатысты табыстарымызды жоғары бағалауға болады. Мемлекеттік шекараларды делимитациялауға, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіруге, көлік қатынасын кеңейтуге, жаңа бағыттарды іске қосуға және азаматтардың барыс-келісін жеңілдетуге қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге қолайлы жағдай жасалып отыр. Өңірдің ұзақмерзімді қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету үшін күш біріктіру жолындағы іс-қимылдар да тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттан айнымасымыз анық.
Бүгінгі таңда бес мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар нақты мазмұнға ие болып, терең стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейге көтерілді. Орталық Азия мемлекеттері сыртқы саяси қарым-қатынаста өзінің салиқалы стратегиясын жасай алды. Бұл қадам еларалық және өңіраралық мүдделер тепе-теңдігін сақтап, елдеріміздің жаһандық үдерістерге толыққанды қатысуына жол ашты.
Орталық Азия елдері ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ЕАЭО, ТМҰ және басқа да табысты әрі ықпалды ұйымдардың құрылтайшысы ретінде бейбітшілікті жақтайтын мемлекеттер екенін дәлелдей отырып, өзінің идеялары мен жобаларын көпжақты құрылымдарда белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Міне, осының бәрі «Орталық Азия бестігін» Еуразия құрлығының төрінде тұрақты дамып келе жатқан бақуатты елдер деп сеніммен айтуға мүмкіндік береді.
Ортақ тарихымыз, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз бен тату көршілік дәстүріміз бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақындастыра түсетін мызғымас тұғыр болып қала беретіні анық.
II. ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕГІ АЙМАҚТЫҢ РӨЛІ
Орталық Азия мемлекеттері мен халықтары географиялық орнына байланысты ғасырлар бойы бірін-бірі мәдени жағынан байытуға және құрлықта өркениетаралық диалог орнатуға ықпал етті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау ісіне қомақты үлес қосты. Орталық Азия қазір де осы ізгі әрі жауапты миссиясын табысты жалғастырып келеді.
Біздің мемлекеттеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының маңызды қарарларының тең авторлары атана отырып, жаһандық орнықты даму, жалпыға бірдей қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясында бір-біріне қолдау көрсету сияқты мәселелер бойынша ортақ ұстанымнан айныған емес.
«ОА плюс» форматындағы жаңа диалог орындарының пайда болуы Орталық Азияның халықаралық саясат субъектісі ретіндегі саяси салмағы арта түскенін аңғартады. Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кейінгі екі жылда «ОА – РФ» (Астана), «ОА – ҚХР» (Сиань), «ОА – АҚШ» (Нью-Йорк), «ОА – ГФР» (Берлин) бірінші саммиттері, ОА және Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының екі кездесуі (Астана, Шолпан-Ата), «ОА – ПШАМЫК» (Жидда) бірінші саммиті, сондай-ақ «ОА – Үндістан» саммиті (онлайн форматта) өткізілді. Биыл Астанада алғаш рет «ОА – Жапония» саммиті өтеді.
Осы форматтағы өзара ықпалдастыққа басқа да елдер, халықаралық ұйымдар қызығушылық танытып отырғанын атап өткен жөн. Осылайша, өңірдің әлемдік арена субъектісі ретіндегі орнын бекітуге маңызды қадам жасалып жатыр.
Жаңғыртуға және озық білімге ұмтылумен қатар, дәстүрлі құндылықтарды ұстану жолы – Орталық Азияның даму бағдары. Сөйтіп, біздің аймақ жаңарып жатқан халықаралық жүйенің дербес әрі ықпалды мүшесіне айналып келеді. Бүгінде біз халықаралық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістердің Еуразиядағы орталығы ретіндегі рөлімізді нығайтуды көздеп отырмыз.
Өңірдің экономикалық салмағының арта түсуі, инновациялар үшін ашық болуы және зияткерлік әлеуеті оның қазіргі заманғы әлемдік құрылымның негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуына мүмкіндік беретін алғышарттарды қалыптастырады. Біздің мемлекеттеріміздің бұған қажетті барлық ресурсы мен мүмкіндігі бар.
Сыртқы әріптестерімізбен бірлесіп жүргізетін өңірлік жобалар аясындағы ортақ ұстанымдарымызды диалог алаңдарында жан-жақты ілгерілету үшін күш біріктіру мәселесі ерекше назар аударуға лайық.
Орталық Азияны Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде ғана емес, халықаралық қатынастар саласында жаһандық деңгейдегі жаңа орталыққа айналуға қабілетті жеке ойыншы ретінде танытатын уақыт келгеніне сенімдімін.
III. ӨЗАРА ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ
Алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең болатыны айдан анық. Осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты.
Жаһандық геосаяси ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған қазіргі кезде біз өңірде өзара сенімге және ортақ әрі біртұтас қауіпсіздікке негізделген кеңістік құрдық, өңірлік ықпалдастыққа бөгет кедергілерді жойдық, көп қырлы ынтымақтастығымызды жоғары сапалы деңгейге шығаратын тұғыр қалыптастырдық.
Қазақстан бүгінде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен одақтастық қатынас орнатып, Түрікменстанмен стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Халықтарымыздың өзара жақын болуға ұмтылысы барлық деңгейдегі байланыстың күшеюінен де көрінеді. Мемлекет басшыларының бір-біріне жиі сапарлап, тұрақты кездесуі парламентаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық байланыстарды тереңдетуге тың серпін берді.
Белсенді саяси диалог пен ізгі ниет бесжақты ықпалдастықты дамыту ісінде маңызды ұйыстырушы факторға айналды. Өңірдегі мемлекеттер бір-бірінің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу, келіспеушіліктер туындай қалса оны бейбіт жолмен шешу сияқты іргелі қағидаттарға негізделген ынтымақтастықтың Орталық Азияға ғана тән бірегей үлгісін қалыптастырды.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-Атада, Душанбеде бес консультативтік кездесуі болды. Соның нәтижесінде өңірлік ықпалдастық барынша тереңдеп, кеңейе түсті. Тіпті бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, интеграциялық үдерістер дәйекті, жүйелі және ең бастысы, үздіксіз сипатқа ие болды десем, артық айтқандық емес.
2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуде өңірдегі бес елдің ықпалдастығына қатысты негізгі бағыттар айқындалды. Соның арқасында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы байланыстар жандана түсті.
2019 жылы Ташкенттегі екінші кездесуде Орталық Азия көшбасшылары өңірлік ықпалдастықты нығайта түсетін болашағы зор бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда, Қазақстан ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою, сондай-ақ өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесуін өткізу қажеттігі туралы ұсыныс білдірді. Саммиттерді өткізу регламентінің қабылдануы басқосудың маңызды нәтижесі болғаны даусыз.
2021 жылы Түрікменбашы қаласындағы үшінші саммит өте мазмұнды өтті. Мемлекет басшылары Парламентаралық форум мен Жастар форумын шақыру, Іскерлік кеңес құру туралы бастама көтерді. Консультативтік кездесулер символикасының бекітілуі де – айтулы қадам.
2022 жылы Шолпан-Атада өткен төртінші кездесудің басты саяси қорытындысы ретінде ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бесжақты шартқа қол қою рәсімінің басталуын, сондай-ақ Орталық Азияның «Жасыл күн тәртібі» бағдарламасының және көпжақты форматтар аясындағы ықпалдастық тұжырымдамасының бекітілуін айтуға болады.
2023 жылы Душанбедегі мерейтойлық бесінші кездесуде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің форматын институттандыру жолында алғашқы қадам жасалды. Елдердің көшбасшылары Ұлттық үйлестірушілер кеңесін (Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері істері бойынша) құру туралы шешім қабылдады.
Астанадағы алтыншы консультативтік кездесуде көлік саласындағы ведомство басшыларының басқосуы одан әрі жалғасады, энергетика министрлерінің алғашқы кездесуі болады. Сондай-ақ өңірдегі мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдарына және ақпарат мәселелеріне жауапты министрлері мен өзге де лауазымды тұлғаларының кеңесі өтеді.
Жалпы алғанда, жоғары деңгейдегі жүйелі кездесулер барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысқа елеулі серпін берді. Өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған жол карталарының қабылдануы бұған зор септігін тигізіп отыр. Оларға ықпалдастықты нығайту жөніндегі нақты іс-шаралар енгізілген. Соның нәтижесінде, аймақта сауда-экономикалық және іскерлік байланыстар айтарлықтай жанданды. Орталық Азия аумағы тарих тұрғысынан қарағанда тым қысқа мерзім ішінде сауда, инвестициялық және көлік-коммуникациялық әлеуеті жылдам артып келе жатқан өзара тиімді ынтымақтастық кеңістігіне айналды.
Кейінгі 5 жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда айналымы 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллардан 11 миллиард долларға дейін артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 25 пайызға өсті. Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы былтыр 26,8 пайызға артып, 8 миллиард долларға жетті.
Бірлескен ірі жобалар оған қатысушы елдерге қомақты пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертіп отыр.
Шекара маңындағы аудандарда сауда-логистика және өнеркәсіп хабтарының желісін дамыту ісі ынтымақтастықтың маңызды бағыты саналады. Бұл хабтар өзара сауда мен ортақ инвестициялық қызметті алға бастайтын жаңа драйвер бола алады.
Елдеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдаланудың стратегиялық маңызы артып келеді. Бұл сала өңірдің қарқынды дамуына жаңаша серпін беретін қозғаушы күшке айналуға тиіс.
Экономикалық өрлеудің нақты бастауы саналатын өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға көп көңіл бөлініп жатыр. Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарының биыл бекітілуі осы бағыттағы маңызды қадам болмақ.
IV. ӨҢІРЛІК ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ПАЙЫМ
Осының алдында Душанбеде өткен саммит бес мемлекеттің «ортақ мекенін» трансформациялау жолында күш жұмылдыруы Орталық Азияның экономикасы дамыған және көркейген өңірге айналуына қуатты серпін беретінін тағы бір дәлелдеді. Бұл ретте Астана кездесуі өңір мемлекеттерін алдағы бес жылда (2024-2028 жылдар) дамытуға арналған жаңа кезеңнің бастауы болуға тиіс.
Қазіргі жаһансыздану жағдайында Орталық Азия елдерінің өңірішілік ықпалдастығы оның ерекше өркениет ареалы ретінде өзін өзі сақтауы үшін де, біртұтас болмыс ретінде өңірді тұрақтандыру үшін де аса өзекті. Елдеріміз бен халықтарымыздың тарихы мен мәдениеті ортақ болғандықтан, бес мемлекет бірін бірі толықтырып отырады. Бұл бізді біріктіретін басты күш болуға тиіс.
Ұлы әл-Фарабидің «Халықтар бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесе білсе, бүкіл жер беті ізгілікке толады» деген сөзі бар. Дамудың жаңа кезеңінде біздің алдымызда осы өңірдің және оны мекен еткен халықтардың тағдырын айқындайтын бірқатар маңызды мақсат-міндет тұр.
Бірінші. Орталық Азияда ғана емес, сонымен қатар іргелес жатқан аймақтарда да бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – ұзақ мерзімге арналған өркендеу мен дамудың маңызды алғышарты.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі – тепе-теңдікті сақтауға ұмтылу. Біз әрдайым «Бейбітшілік бәрінен қымбат» деген қағиданы ұстанамыз. Қазақстан әлем қоғамдастығының жауапты мүшесі ретінде халықаралық құқық қағидаттарын қатаң сақтау, егемендікті құрметтеу және шекараның тұтастығына қол сұқпау қажет деп санайды.
Қазақстанның бұл пайымымен келісетін елдер аз емес деп сеніммен айта аламын. Көптеген елдің ұстанымдары бір-біріне ұқсайды. Оның бәрі әділ әрі болжауға болатын әлемдік тәртіп орнатуға негізделген. Бұл ұстаным қазіргі беймаза заманда болашақ туралы сындарлы көзқарас қалыптастыруға жол ашады.
Орталық Азияның айналасында күрделі әскери-саяси ахуал сақталып отырған қазіргі жағдайда қорғаныс саясаты мен қауіпсіздік саласында бірлесе әрекет жасау қажеттігі туындайды. Өңірлік қауіпсіздік жүйесін құру, оның ішінде Орталық Азияның қауіпсіздігіне байланысты сын-қатерлер тізімін және оның алдын алу шараларын әзірлеу мәселесі өте өзекті.
Орталық Азияда біртұтас қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру, бұрыннан бар және жаңадан пайда болған қауіп-қатерлерге қарсы күресуге қатысты негізгі түйткілдерді шешетін кешенді тәсілдер қарастыру, олардың алдын алу және қатерлер туындаса қолға алынатын шараларды ойластыру, сондай-ақ БҰҰ-мен және осы саладағы басқа да халықаралық, өңірлік ұйымдармен белсенді ықпалдастық орнату аймақтағы мемлекеттердің ең басты басымдықтары саналады.
Екінші. Экономикалық әлеуетімізді одан әрі арттыру, ықпалдастықты тереңдету.
Көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру мәселесі біздің елдеріміздің айнымас міндеті болып қала беретіні сөзсіз. Өңірдегі мемлекеттердің бірлескен күш-жігері мен қуатты экономикалық әлеуетінің арқасында Орталық Азия аумағы сауда, инвестиция, ғылым және инновация саласында зор мүмкіндіктері бар кеңістікке айналып отыр.
Елдеріміздің жалпы аумағы – 3 882 000 шаршы шақырым, халқының саны 80 миллионнан асады, ал ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жуықтайды. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнайдың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – біздің аймақтың еншісінде. Орталық Азия көмір өндіруден әлемде 10-шы, электр энергиясын өндіруден 19-орында тұр.
Біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл жағдай елдеріміздің сыртқы факторларға лайықты төтеп беруін қамтамасыз етіп, сауда-өндіріс саласындағы циклдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бірлескен экономикалық жобаларды тиімді іске асыру осы үдеріске оң ықпал ете алады.
Экономикаларымызды технологиялық жағынан дамыту – маңызды міндет. Біз табиғи ресурстарға тәуелділіктен біртіндеп арылуымыз қажет. Осы ретте медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар саласын қамтитын креативті индустрия мен цифрландыру ісі экономикаға тың серпін беретін күшке айнала алады. Өңір елдерінің осы бағытта бірлескен жобалар әзірлеуге әлеуеті де жетеді.
Цифрлық және креативті индустрияның жаппай қарқын алуы шикізатқа сүйенген экономикадан зияткерлік сипаттағы өндіріске дәйекті түрде көшуге ықпал ететін болады. Орталық Азияның ықпалдастығы біздің елдеріміздің ұлттық экономикалық өсімінің басты себепшісі болмағанымен, оның негізгі қайнар көзінің бірі бола алатынына сенімдімін.
Үшінші. Өңірдің жер жүзіндегі ең маңызды көлік-логистика және транзит хабтардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.
Орталық Азия аймағы күн өткен сайын жаһандық көлік қатынастарының басты тармағына айналып келеді. Бұл ретте ең алдымен, Қытайдың бастамасымен қолға алынған, болашағынан зор үміт күттіретін «Бір белдеу, бір жол» жобасын және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін атап өтуге болады. Бұл жобаларға өңірдегі елдердің бәрі белгілі бір деңгейде қатысып жатыр.
Қазір біздің мемлекеттеріміз жаңа көлік дәліздерін қалыптастыруға қатысты басқа да маңызды идеяларды жүзеге асыруға кірісті. Қазақстан өзінің серіктестерімен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) барынша дамытып жатыр. Осы бағытпен тасымалданатын жүк көлемі орта мерзімде бес есеге артуы мүмкін.
Қазақстанда теңіз инфрақұрылымының, яғни Ақтау және Құрық айлақтарының дамуына байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Аталған порттар арқылы Қытайдан, Орталық Азия елдерінен Оңтүстік Кавказға, Түркияға, одан әрі Еуропаға жөнелтілетін жүк көлемі артып келеді.
Қазір Ауғанстан аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін ашу қарастырылып жатыр. Бұл қадам Оңтүстік Азия елдерінің әлеуеті мол нарықтарына және Үнді мұхитындағы айлақтарға шығуға жол ашады. Бұған осы өңірдегі бүкіл ел мүдделі. Біз Орталық Азияның өз ішінде және одан тысқары елдермен көлік саласындағы ынтымақтастық ауқымын кеңейту арқылы көптеген мақсатқа жете аламыз.
Көлік қатынастарын кешенді түрде жақсарту (әуе рейстерінің жиілігін арттыру, жаңа әуе және теміржол бағыттарын іске қосу, шекарадағы өткелдерді жаңғырту, т.б.), инновациялық технологияларды енгізе отырып, көлік инфрақұрылымының қарқынды дамуын қамтамасыз ету, транзит мүмкіндіктерін кеңейту және өңірдің транзиттік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері болашақта біздің елдеріміздің транзит-көлік саласындағы ықпалдастығының негізгі бағыттарына айналуға тиіс.
Төртінші. Су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ортақ ұстанымдарды әзірлеу.
Соңғы жылдары аймақтағы барлық ел су тапшылығын көріп отыр. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын төмендетіп, халыққа едәуір залалын тигізді. Осы ретте Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) аса маңызды су-энергетикалық, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды талқылау және шешу жолындағы бірегей өңірлік құрылым ретінде айрықша рөл атқаратынын атап өткім келеді.
Су мәселесі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан Қазақстан ХАҚҚ-тың қазіргі төрағасы ретінде осы қордың аясындағы ынтымақтастықты жандандыруды, сондай-ақ азық-түлік мәселесін де қамти отырып, Халықаралық су-энергетика консорциумын бірге құруды ұсынды. Біздің еліміз бұл мәселелерді шешу жолындағы сындарлы әрі ашық диалогке қашанда қолдау білдіреді.
Қырғызстандағы Қамбар ата 1-ГЭС-інің және Тәжікстандағы Рогун ГЭС-інің құрылысы бүкіл өңір үшін энергетика саласындағы ғасыр жобасына айналуы мүмкін. Бұл нысандарды салу барлық тарапқа жан-жақты ықпал етеді.
Барша адамзатты азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне әлі де жалғасып жатқан геосаяси дағдарыстар кесірін тигізіп отыр. Орталық Азия елдерінің сыртқы факторларға тәуелділігін азайту үшін осы бағытта өзара үйлестірілген шаралар қабылдау қажеттігі туындады. Сол үшін Қазақстан Орталық Азияда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын жасап, бес ел арасында талдау жүргізіп, деректер алмасатын бірыңғай ақпараттық платформа қалыптастыруды ұсынды.
Жаһандық климаттың өзгеруінің салдарын азайтатын маңызды қадам – «жасыл» экономикаға көшу. Өңір елдерінде жаңартылатын энергетиканың өздеріндегі үлкен табиғи әлеуетін іске асыруға ұмтылыс бар. Мәселен, Қазақстан 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2060 жылға қарай біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниеттіміз.
Жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану парниктік газ шығарындыларын азайту арқылы қоршаған ортаға пайдасын тигізіп қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Білім, ресурс және озық тәжірибелер алмасуды жалғастыру осы саладағы ынтымақтастықты нығайта түсуге септігін тигізеді.
Бесінші. Орталық Азияның ең маңызды және ең құнды ресурсы – білімді жас ұрпақ.
Орталық Азия – әлемдегі халқы ең жас өңірдің бірі. Аймақ тұрғындарының орташа жасы – небәрі 28,7. БҰҰ-ның болжамына сүйенсек, 2040 жылға қарай азаматтарымыздың орташа жасы одан әрі төмендеп, 28,3-ке жетеді. Бұл – Солтүстік Америка (41,5), Еуропа (46,8), Қытай (48) сияқты басқа өңірлерге қатысты болжамдардан әлдеқайда төмен көрсеткіш.
Мұны бес елдің де экономикалық және әлеуметтік дамуына кең жол ашатын бірегей бәсекелік артықшылық деуге болады. Жастар экономика, технология және мәдениет салаларындағы жаңару үдерістерінің қозғаушы күші бола алады. Жаһандық бәсекелестік жағдайында табысқа жетудің кілті өскелең ұрпақтың қолында.
Осы орайда ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, жастар арасындағы байланысты нығайту және жас ұрпаққа тың мүмкіндіктер беріп, әлеуетін асыруға бағытталған ортақ құрылымдар қалыптастыру – өзекті міндет.
Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастықты дамыту, бір-бірінің аумағында білім ордаларының филиалдарын және ортақ факультеттер ашу ісіне барынша қолдау білдіреді. Біз көрші елдер жастарының Қазақстанда жоғары білім алуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз және олардың өз университеттерімізде оқуына берілетін квота санын біршама арттырамыз. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Орталық Азиядан келген 9 мыңға жуық студент білім алып жүр.
Кейінгі жылдары елімізде шетелдің бірқатар жетекші университеттің өкілдіктері ашылды. Ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының саны артып келеді. Технологиялық парктер мен инженерлік орталықтар ашылып жатыр. Бұл жұмыс Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатымыздың аясында жүргізіліп отыр. Біз жоғары білім берудің Орталық Азиядағы бірыңғай кеңістігін құру жолында күш-жігерімізді біріктіріп, сеніммен алға қадам бастық.
Алтыншы. Бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланыстарын үйлестіру негізінде елдеріміздің өркениеттік бірегейлігін қалыптастыру маңызды миссияға айналып келеді.
Орталық Азияның заманауи келбетін жасай отырып, біз азаматтарымыздың ұлттық және өңірлік бірегейлігіне жаңа көзқарасты да қалыптастырамыз. Бізді Орталық Азияға тән айрықша болмысымыз біріктіреді. Төл мәдениетіміз бен дәстүрлеріміз де соның негізінде қалыптасқан. Ортақ тарихи тамырымызды құрметтеу, мәдениетаралық диалог және конфессияаралық келісім Орталық Азия бірегейлігінің өзегі саналады.
Тарихи жадымыз – халықтарымыздың ұлттық сана-сезімінің мызғымас тұғыры. Біз ата-бабаларымыздың жетістіктерін және бай мәдениетімізді мақтан тұтамыз. Осы орынды мақтаныш қазір барша ұлттардың табысты дамуына, сондай-ақ олардың болашаққа сеніммен қадам басуына қуатты серпін береді. Сондықтан біз ортақ тарихымыздың жарқын беттеріне көбірек назар аударуға тиіспіз. Орталық Азияның жалпы тарихын түркі, парсы, араб, қытай, Ресей және Батыс Еуропа дереккөздеріне сүйеніп жазу маңызды міндет деп санаймын.
Жаһандық бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін біз бірлігімізді сақтай отырып, ортақ мақсаттарға үздіксіз ұмтылуымыз керек. Ұлы Абай «Бірлік – ақылға бірлік» деп бекер айтпаған.
Қазір жер жүзінде геосаяси жобалар мен идеологемалар дәріптеліп жатыр. Мұндай жағдайда біз өзімізге тән қонақжайлық, ынтымақ және өзара қамқорлық сияқты қасиеттерімізді, сондай-ақ отбасылық құндылықтарымызды және басқа да озық дәстүрлерімізді қамтитын рухани-мәдени кодымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
* * *
Сөз соңында өңірлік ынтымақтастықтың шынайы ахуал ғана емес, өмірлік қажеттілік екенін атап айтқым келеді.
Геосаяси белгісіздік белең алып, әлемдік тәртіптің қалыптасқан үлгісі ыдырап тұрған қазіргі жағдайда бұл – шын мәнінде, бірден-бір оңтайлы тәсіл. Біздің болашағымыз бірлігімізді нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және барша әлемге ашық болуға байланысты. Осы қағидаттардың негізінде ғана біз Орталық Азияның серпінді, инновациялық және мәдени бай өңір ретіндегі ренессансын қамтамасыз ете аламыз.
Өңірлік бірлік парадигмасын күшейту қазіргі және болашақтағы сын-қатерлерге барынша лайықты жауап болады, жағымсыз үрдістерді тежеуге қатысты ортақ ұстанымдарды әзірлеуге мүмкіндік береді, кез келген сыртқы күшке қарсы тұруға қажетті пәрменді шаралардың негізіне айналады. Сол үшін Қазақстанның ұсынысы бойынша Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы дайындалды. Онда көпқырлы және бесжақты ықпалдастықты одан әрі дамыту бағдарлары айқындалған.
Біз өз тарапымыздан «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» қағидатын дәйекті түрде ұстанып келеміз және өңірдегі стратегиялық әріптестеріміз бен одақтастарымыз интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытуға қаншалықты дайын болса, біз де соншалықты дайын екенімізді мәлімдейміз.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.