Мыс бұлағын ағызған
Республика түсті металлургиясының алыбы Жезқазған мыс қорыту зауыты туралы әңгімелегенде, ол бастау алған Қарсақбай мыс қорыту зауыты еріксіз еске оралады. 1928 жылдың 19 қазанында Қарсақбай мыс қорыту зауытында тұңғыш мыс балқымасы алынды. Көп байлықты шағын зауыт игере алмайтын болғандықтан біраз талас-тартыстан кейін Үлкен Жезқазғанды салу керек деген шешім дүниеге келді. Бұл қорытынды 1934 жылы Мәскеуде, ғылым академиясының сессиясында талқыланды. Сонда Кеңгір су қоймасын, байыту фабрикасын, мыс қорыту зауытын салу ұйғарылды. Үлкен Жезқазғанды дүниеге келтіруде Қ. И. Сәтбаевтың еңбегі зор болды.
СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1959 жылдың қазан айында қабылданған қаулысында былай деп атап көрсетілді: «Қарағанды Совнархозының Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылысы елдегі мыс өндірісін дамытудағы мемлекеттік маңызды міндет деп саналсын». Жезқазғанда салынатын зауыт шикізатты комплексті пайдалана отырып, мыс өндірісін қазіргі заманғы технологиялық талаптарға сай жүргізуге тиіс болғандықтан зауытты жоспарлауға, сол замандағы еліміздің ең ірі ғылыми-зерттеу институттары Гипроцветмет, Промстройпроект, Сантехпроект, Гипрохим және басқалар, ал технологиялық желілерді талдап-жоспарлауға ВНИИцветмет, НИИхиммаш, Гидроцветмет, Гиредмет, Қазақстан Ғылым академиясының металлургия және байыту институты қатысты.
1966 жылдың наурыз айында, Жезқазған қаласының оңтүстік-шығысындағы алаңға техникалар келіп, зауыт құрылысы басталды. Мыс қорыту зауытының негізгі құрылысын «Қазмысқұрылыс» тресі жүргізді. 1969 жылдың қаңтар айында Жезқазған кен-металлургия комбинаты бойынша арнайы бұйрық шығарылып, зауыттың дирекциясы құрылды. Оны басқару инженер-металлург Игнатий Евгеньевич Лиге жүктелді. Жезқазған мыс қорыту зауытының алғашқы басшылары тағайындалады. Олар: Б. Г. Переседов — бас инженер, Н.Ілиясов — өндірістік-техникалық бөлім бастығы, А. Ф. Дутов — бас энергетик, В. Ф. Дроговоз — бас механик, З. С. Нысанбаев — бас бухгалтер, Қ. Б. Бексұлтанов — шихта дайындау цехының бастығы, И. Ф. Овчинников — металлургия цехының бастығы, М. И. Филимонов — электролиз цехының бастығы, М. А. Ақпанбетов — күкірт қышқыл цехының бастығы, Л. В. Загорулько — сирек металдар цехының бастығы, Б. Қ. Инсепов — бақылау-өлшеу құралдары және автоматика цехының бастығы.
Жезқазған мыс қорыту зауытын кезең-кезеңімен іске қосуға РФ-ың Норильск, Пышма, Красноуральск заводтарынан, Өзбекстанның Алмалық және Балқаш зауыттарынан тәжірибелі жұмыскерлер мен инженер-техник қызметкерлері арнайы шақырылды. Қарсақбай зауытынан көптеген жұмыскерлер мен инженерлер келіп іске кірісті.
1971 жылдың басында мысты электоролиздеу және балқыту өндірісінің алғашқы кезегінің құрылысы аяқталды. Екі анод пеші, электролиз цехының бірінші кезегі іске қосылды. Сол жылдың 23 ақпанында, таңертеңгі сағат 10‑да аспалы кран машинисі К. Якушева; мастер В. Азановтың аусымында кезекті электролизшілер А.Пьянков, Х. Зайнагутдинов және Л. Фирсов тазартып, дайындаған катод мысының алғашқы партиясы ваннадан алынды. Тұңғыш рет жаңа зауытта жаңа технологиямен халықаралық стандартқа сай катод мысы алынды. 1971 жылдың 24 ақпанында анод пеші қыздырылғаннан кейін мастер С.Желдібаевтың ауысымында аға балқытушы В.Нагорнов пешке Қарсақбайдың қара мысын салды. Анод мысының алғашқы қорытпасын мастер Т.Мардановтың ауысымында аға балқытушы В.Бахтин мен мыс құю машинасының машинисі А.Глухов алды. Екі анод пеші мен электоролиз цехының екінші кезеңі іске қосылды. № 1 электротермиялық пеш, № 1,2 конверторлер мен күкірт қышқыл цехының екі жүйесінің дайындық жұмыстары жүргізілді.
Алғашқы катод мысын алғаннан кейін, тура екі жыл өткенде, 1973 жылдың 21 ақпанында № 1‑ші электротермиялық пеші іске қосылып, мастер К.Сайрановтың ауысымында аға балқытушы А.Кичалюк бірінші рет штейн алып, конверторға жөнелтті. Мұнан кейін Б.Деменконың аусымында аға конверторшы В.Долгов конверторды үрлеуге қойды. Келесі ауысымды; яғни; Жамбыл Ыбыраевтың ауысымында аға конверторшы Сұлтанбек Елемесов қара мысты балқыту кондициясына жеткізгеннен кейін ең алғашқы жезқазғандық қара мыс балқымасын анод бөлімшесіне жөнелтті. Жезқазған мыс қорыту зауытының жылнамасында бұл даталар алтын әріптермен жазылған. 1974 жылдың көктем айында № 2‑ші электротермиялық пеш, № 3, № 4 конверторлар және электролиз цехының үшінші кезеңдері пайдалануға берілді. 1975 жылы күкірт қышқыл цехының екі жүйесі пайдалануға берілді. 1976 жылы осы цехтың тағы екі жүйесі және сирекметалдар цехы іске қосылды.
Жезқазған мыс қорыту зауытының құрлысынан бастап және оны кезең-кезеңімен іске қосуда білікті жас мамандар А. Б. Юдин, С. П. Заборцев, М.Сұлтанбаев, Ш.Оразбеков, С. Д. Тұнғышбаев, М.Жандаулетов, Т.Қозыбаев, А.Чернов, А.Максимов, В.Зайцев, А.Праксин, В.Могдалюк, Б.Акишев, В.Постаногов, Н.Смольников, В.Полянский, Ю.Пак, А.Молдабеков, Е.Исмайылов тағы бірқатар инженерлер қажырлы еңбектерімен ел есінде қалды. Олардың әрқайсысы өндірісті дамытуға ерекше үлестерін қосты. Уақыт өте келе басым көпшілігі қызмет баспалдақтары жоғарылап, түрлі лауазымды биіктерге көтерілді. 1973 жылы «Мыс қорыту зауытының жобалау үлгісін және өндірістік құрылысын атқарғандары үшін» Жезқазған кен-металлургия комбинатының бір топ қызметкерлері КСРО Министрлер Кеңесінің мемлекеттік сыйлығына ие болды (Н.Ілиясов, Б. Г. Курган, И. Е. Ли, А. М. Лисяков, Д. Н. Павлов, М. И. Филимонов).
Жаңадан іске қосылғалы жатқан алып зауытқа РФ-ың Норильск, Пышма, Красноуральск зауыттарынан, Өзбекстанның Алмалық, Балқаш және Қарсақбай зауыттарынан тәжірибелі жұмыскерлер тартылды. Әдепкілердің қатарында қарсақбайлықтар С.Елемесов, Н.Ербосынов, О.Самохвалова, С.Салхауов, М.Ахметов, Т.Сымайылов, А.Майзенгельтер, М.Тұрсынов, А.Битеновтер тағы көптеген өз ісінің мамандары болды. Ресей зауыттарынан В.Долгов, А.Васильев, С.Темников, П.Лозинский, В.Валуев, А.Толмачев, А.Степановтармен қатар бірқатар жұмыскерлер келді. Зауыттың алғашқы қоғамдық ұйымдарының жетекшілері болып сайланғандар: партия комитетінің хатшысы — В. И. Лавецкий; кәсіподақ комитетінің төрағасы — В. П. Черепанов; комсомол жетекшісі — М.Қартжанов.
Жезқазған мыс қорыту зауытының тоқтаусыз жұмыс жасағанына биыл 53 жыл. Осы уақыт арлығында зауытты 11 директор басқарған. Олар: И. Е. Ли, С. П. Заборцев, Т. М. Әбдірахманов, Қ. Ж. Телешев, А. А. Тәкішов, Б. Т. Тәненов, Х.Ақбетов, Е.Адрейісов, Т. Е. Жақселеков, Д. И. Байқуатов, С. А. Әтен. Зауыт цехтары мен бөлімшелерін көп жылдар абыроймен басқарғандар қатарында Ж. А. Сүттібаев, Е.Рахметов, В. С. Левкин, С. Қ. Төлегенов, Т. А. Нұрмағанбетов, Ізбасар және Серік Садықовтар, Н.Баландин, А.Ушаков, В.Титов, Е. Дүйсенбаев, В. А. Подаленков, А.Томпаевтар болды. Олар өндіріске көптеген жаңалықтар енгізді, жастарды тәрбиеледі.
1983 жылы электролиз цехында шақпақ мысты автоматты пакеттеу жүйесі іске қосылды. Сол жылы № 1 электротермиялық пешті, ал 1984 жылы № 2 электротермиялық пешті бірінші рет күрделі жөндеулерден өткізді.
1984 жылы «Сирек металдарды өндірудің заманауи тәсілдерін жасағаны және өнімділігін арттыру жұмыстары үшін» Жезқазған кен-металлургия комбинатының бір топ қызметкерлері КСРО Министрлер Кеңесінің мемлекеттік сыйлығына ие болды (Л. В. Загорулько, И. Е. Ли, Л. А. Литинский, Ж. М. Махмутов, И. В. Кондратенко).
1986 жылы «Мыс зауытындағы өнімдердің құрамын автоматты жүйеде аналитикалық қадағалауды жасағаны және өндіріске енгізгені үшін» Жезқазған кен-металлургия комбинатының бір топ қызметкерлері Қазақстан Республикасы министрлер Кеңесінің мемлекеттік сыйлығына ие болды (А. Ф. Оголь, И. Е. Ли, Т. М. Абдрахманов, Э. В. Каллиома). Аға конвертерші Оразалы Мейрамов Қаз.ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
1995—96 жылдары зауыттың балқыту агрегаттарына үлкен реконструкциялар жасалды. «Болиден-Контакт» швед фирмасының технологиясы бойынша электротермиялық пештерінің құрылысының өзгертілуі, «Сименс» фирмасы компьютерлер жүйесі бойынша конвертерлер жұмысын автоматты басқару, «Оутокумпу-Венмек» фин фирмасының карусельді-құю машинасының пайдалануға берілулері ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар болды. Аталмыш технологиялық жаңғырулардың нәтижесінде Жезқазған мыс зауытының жылдық өнімі межелеген мөлшерден артты. 1995 жылдың 15 мамырында сирекметалдар цехында бірінші рет Осмий‑187 изотопы таза металлы алынды.
Кез келген істің табысты болуына адамдар себепкер болады. Елу үш жыл ішінде Жезқазған мыс қорыту зауытында жоғарғы санаттағы білікті мамандардың бір емес, бірнеше буыны өсіп жетілді. Мұнда өздерінің ерен еңбегімен кәсіпорын беделін дүниежүзілік деңгейге дейін көтерген алғашқы металлургтерді үнемі есте сақтайды. Олар: «КСРО-ның Құрметті металлургі», Сұлтанбек Елемесов, Марат Тұякбаев, Махмут Тұрсынов, Жалмағанбет Тұржанбаев, Мұрат Тұрғанбеков, Абдрахман Томпаев, Славий Темников, Тоғанбай Салхауов, Владимир Савенков, Байтас Омаров, Байзақ Науанов, Табыс Мыржақыпов, Оразалы Мейрамов, Владимир Лобановский, Жолдыхан Лақбаев, Николай Кухарчук, Қонысбай Кенебаев, Қарсақбай Қожабергенов, Жалғасбай Жекенбаев, Құлмұханбет Дүтбаев, Айтмағанбет Битенов, Линар Бикаев, Көшербай Бекмағанбетов, Владимир Бахтин, Мажит Ахметов, Мейрамбек Арыстанбаев, Жетпісбай Шынкожаев, Леонид Этштейн, Николай Чензе.
«Қаз.ССР Еңбек сіңірген металлургі» атағына ие болғандар қатарында Қайырбек Рысбеков, Қойшықара Отарбаев, Эсруди Муцаев, Мойсей Ли, Игнатий Ли, Қауқан Күржеев, Нығмет Ілиясов, Қахарман Ибраев, Қойшыбек Доспанов, Қуанышбек Бексұлтанов.
Өндірісті игеруге, жабдықтар мен технологияны жетілдіруге Қ. Б. Бексұлтанов, В. В. Постоногов, И. Ф. Овчинников, В. Н. Подаленков, М. А. Ақбанбетов, Г. П. Сологубов, М. И. Филимонов, Ж. А. Сүттібаев, Л. В. Загорулько, Н. А. Чегодаев, А. К. Опескина, А. С. Молдабеков, С. Қ. Төлегенов және басқа көптеген инженер-техникалық қызметкерлер үлкен үлес қосты. Өндірістен қол үзбей жүріп Қайсар Телешев, Серік Барлықұлы Садықовтар докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. Ал, Николай Перфильев, Қырғызбай Топаев, Зауре Абдрахманова, Серік Үмітбекұлы Садықов, Виктор Лариков, Төлеген Бүкіров, Мұханбетқали Абайділдинов, Дүйсенғали Байқуатов, Болат Абдрахмановтар техника ғылымдарының кандидаттары атанды. Жалпы, жұмыла атқарылған еңбектің арқасында кәсіпорын ұжымы елдегі туысқан кәсіпорындар арасындағы социалистік жарыста бірнеше дүркін жеңімпаз болды, КСРО және Қаз.ССР түсті металлургия министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туымен, КСРО ХШЖК (халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі) медальдарымен марапатталды. Кеңес дәуірінің ең жоғары марапаты Ленин орденін Қуанышбек Бексұлтанов, Тұрсын Смайылов, Оразалы Мейрамовтар кеуделеріне тақты. 1971—1991 жылдар аралығында Кеңес Одағының орден және медальдармен зауыттың 200 аса еңбеккерлері марапатталды. Аға балқытушы Смағзам Салхауов КСРО Жоғарғы Кеңесіне, аспалы кран машинисі Таисия Мамаева, аға шебер Жамбыл Ыбыраев Қаз.ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Еңбекте озат, қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсеткен зауыттың еңбеккерлері Жезқазған облыстық және қалалық кеңестеріне депутат болды, аға балқытушы Абдрахман Томпаев Жезқазған облыстық кеңесіне қатарынан үш мәрте депутат болып сайланды.
Жезқазған мыс қорыту зауыты әлемдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірі- «Қазақмыс» мыс балқыту бөлінісі «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС құрамына кіреді. Осы уақыт аралығында өндірісті дамытып қана қоймай, жаңғыртып, жаңа технологияларды енгізіп, «Қазақмыс» тобының жетекші кәсіпорындарының біріне айналды. Жарты ғасырдан асқан уақыт ішінде мыс қорыту зауытында металлургтердің бірнеше буыны ауысты: 27 еңбек әулеті, көптеген Құрметті металлургтер, өндіріс озаттары, болашағы зор жастар —осының барлығы зауыттың басты байлығы, өз еңбегімен кәсіпорын тарихын жасайтын адамдар.
Бүгінде Жезқазған мыс қорыту зауытының ұжымы болашаққа сеніммен қарайды, ол міндетті түрде табысты және жарқын болады.
Төлеген БҮКІРОВ,
Қазақстанның Құрметті металлургі.