Келешекке арналған жоба
АЭС туралы айта бастағанда, көлденеңдеп көп сауал алдымыздан шығады. Солай болуы заңды да. Бұрын-соңды жасап көрмеген ісіміз болған соң күмәндану – адами түйсікке тән құбылыс. Бірақ жөнсіз қорқынышқа жол берудің тағы орайы жоқ дейді кәсіби мамандар. Көпшілік айтып жүрген көп түйткілдің екеуі – АЭС-ке жауапты жергілікті мамандардың даярлығы және мәселенің экологиялық қыры жөнінде сарапшылар пікірін білудің сәті түскен еді.
Өзіміздің мамандарды өзекке теппейміз
Атом энергетикасы ісінде алдыңғы қатардағы мекеме саналатын «Ұлттық ядролық орталықта» 74 және 54 жыл бұрын салынған екі зерттеу реакторлық кешені бар. Бұл реакторлар ғылыми зерттеу мен көптеген жобаны іске асыруда маңызды рөл атқарады. Қазір орталықта еліміздің әр өңірінен келген жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Десе де, «ескінің аты – ескі» деп халық тарапынан көлдей күмән туады. Одан бөлек отандастарымыздың көкейінде АЭС-ке қатысты қаншама сұрақ бар. «Ұлттық ядролық орталықтағы» Энергия институтының эксперименттерді жобалау және басқару қызметінің басшысы Асхат Дүйсенбаев орталықтың жетістіктері мен болашақтағы жоспарларын айтып, көңілімізді орнына түсірді. Ол осы реакторлар жұмысына тікелей қатысып, олардың пайдалануын және жетілдірілуін жіті бақылап отырады екен.
«Біз өзіміздің инженерлер командасымен мақтанамыз. Олар жоғары нәтиже көрсетіп, кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Орталық жаңа мамандарды белсенді тартып, оларды ішкі стандарттар мен қажеттіліктерге сәйкес даярлайды. Біздің салаға бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен дәріптелу жетіспейді. Ғылым мен ядролық энергетиканы насихаттау өте маңызды. Атом энергетикасын жедел түрде дамыту қажет. Көмір мен мұнай сияқты дәстүрлі ресурстар таусылып жатыр. Сондықтан тұрақты энергия көздеріне, атап айтқанда, атом электр стансаларына назар аударатын кез жетті. Қазіргі жаңа реакторлар қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен және апаттық жағдайлардың минималды қаупімен ерекшеленеді», деді А.Дүйсенбаев.
Маман жөндеуші, слесарь және инженер сияқты іргелес сала мамандарын тартудың өзектілігін де атап өтті. Расында, жұмысшы мамандықтар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жәй-күйі алаңдатарлық хәлде тұр. Дамыған елдер нарық пен өндіріске қажетті білікті кадр даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін бір ізге қойған. Тіпті БҰҰ декларациясы бұл жүйені мыңжылдық даму мақсатына жатқызған. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, басқа да жұмысшы мамандықтар қарыштап дамып, жұмысшылармен толық қамтылса, ел экономикасының тасы өрге домалар еді.
Атом энергетикасына көшу импорт үлесін азайтады
Мұның бәрі – әңгімемізге өзек болып отырған электр энергиясының үдемелі тапшылығына қатысты жанама түйткілдер. Оларды айналып өтсек тағы болмайды. Еліміздің негізгі өндіруші қуаттары тозып тұр, оған қоса экологиялық сын-қатерлер есігімізді қаға бастады. Осы түйткілдердің шешімі ретінде мемлекет 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытын қабылдады. Тәуелсіз эколог Бекберген Керейдің сөзінше, атом энергетикасына көшу көрші елден жасалатын импорт үлесін азайтуға елеулі үлес қоса алады.
«Елімізде 148 жаңартылатын энергия көзінің орнатылғанына қарамастан, олардың қуаты тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. АЭС тұрақты энергия беруді қамтамасыз ете алады және тапшылықты өтей алады. АЭС құрылысын Балқаш маңында жүргізудің өзіндік себептері бар. Біріншіден, елдің орталығында орналасқан Балқаш көлі – орналасуы мен жоғары энергия тұтынатын аймақтарға жақындығы арқылы болашағы зор алаңға айналып отыр. Екі қуатты реакторы бар атом электр стансасынан электр энергиясын өндіру үшін жабық циклде пайдаланылатын 63 млн текше метр су қажет. Бұл көлдің табиғи булануының тек 0,32%-ын құрайды», дейді ол.
Осы тұста Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановтың да пікірін ұсынайық. Ол ядролық энергетикаға көшу көмір өнеркәсібіне жұмсалатын шығындардың артуына ғана емес, сонымен қатар көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау қажеттілігіне де байланысты екенін атап өтті.
«Болашақта бізге не маңызды? Көмір өндірісін қолдауға қаражат құяр болсақ экологиялық міндеттемелерімізді, елдік міндеттемелерімізді орындамаймыз. Сонымен қатар халық көкейінде жүрген тағы бір сауал – АЭС өндірген электр энергиясының құнына байланысты. Болашақ тариф, әсіресе көршілерден электр энергиясын сатып алуды ескере отырып, ағымдағы тарифтерден аспайтынын айта аламыз. Қазір көптеген отандасымыз атом электр стансасы арқылы өндірілетін электр энергиясы қымбат болады деп қателеседі. Біздің бағалауымызша, бұл көршілерімізден алатын ең жоғары жүктемелердегі перитокалар үшін төлейтін бағадан қымбат болмайды», деді Т.Темірханов.