Ардагерлер – ықпалды күш
Жыл сайын әлемдік қауымдастық қазан айының алғашқы күні Халықаралық қарттар күнін атап өтеді. «Қарттарым — асыл қазынам» дегендей, аға ұрпақтың жүріп өткен өмір жолындағы бай тәжірбиелерін алтын қорға теңесек артық болмас. Өз ұстанымы бар жезқазғандық ардагерлеріміз қоғамның саяси өміріне белсене араласады. Ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, жас ұрпақ тәрбиесінде кемел қабілеттерін танытып жүр.
Жезқазған қаласында 12,5 мыңнан астам зейнеткер бар, оларды әлеуметтік қорғау саясаты мемлекет тарпынан жүргізіліп отырылады.
Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесі қала әкімдігінің ғимаратына орналасқан. Мұнда түске дейін келушілердің саны үзілмейді. Көнекөз қариялар ой-пікірлерімен ұсыныс жасай келеді, жағдайын айтып сауықтыру шараларына жолдама сұрай келетіндер де бар. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев ел игілігі үшін ұсынылған тиімді пікірлерді қуана қабылдай отырып, жөн сұрай келгендерге ақыл-кеңесін айтып, ретін түсіндіреді. Жергілікті мерзімді басылымдарға тегін жазылған зейнеткерлер де газеттерін осы жерден алады. Олар тиянақты қызмет көрсететін Күләш Көлбаеваның қызметіне ризашылықтарын білдіріп жатады.
Қалалық Ардагерлер кеңесі құрамында 45 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Олардың міндеті–құрамындағы еңбек ардагерлеріне әлеуметтік, құқықтық қолдау жасау, кеңес беру. «Ардагерлер кеңесі қолынан келгенше барлық зейнеткерлерді қатарына қосып, қаланың тұрмыс-тіршілігіне араластырып, мәдени және саяси іс шаралардың нақ ортасында болуды, жас буын тәрбиесіне араласуды мақсат етеді. Жалпы, ардагерлердің ықпалды күш екеніне атқарылған шаруалар барысында көзіміз жетіп жүр»- дейді Мұрат Сүтенұлы. Соңғы үш-төрт жылдың ішінде ардагерлер кеңесіндегі іс шаралар мерекелер мен атаулы күндермен шектелмей, қала тіршілігіне, жастар тәрбиесіне, қоғамда кездеседі деген келеңсіз жайлардың алдын алу шараларын да қолға алып жүр. Бір қуанарлық жағдай, жоспарланған іс-шараларға жас ерекшелігіне қарамастан қариялар белсене қатысады. «Қазақ әндері–ғасырлар шежіресі» атты тарихи мәні зор қойылымға жетпістен, сексеннен асқан аталарымыздың, әжелеріміздің үлкен жауапкершілікпен қатысып, жүлделі орын алғанын қалалық, облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өнеге ретінде жарыса насихаттады.
«Қариясы бар ел — қазыналы ел» деп тегін айтылмаса керек. Қалалық ардагерлер кеңесінің құрамында елдің ардақты ақсақалдары мен аяулы әжелері бар. Рахым Арыстанбаев, Қадыр Үңгітбаев, Серік Асқарбеков, Оразбай Арыстанбай, Жақыпбек Асанғазы, Дүйсенбек Сарыбасов, Мұхамедрахым Жанұлов, Береке Көшенов, Айтжан Жүнісова, Кабира Кариева, Нескен Битенова, Айткүл Машахаева, Роза Сейілова, тағы басқа ардагерлердің ұйымдастыруымен бірнеше айтулы іс-шаралар өткізілді. Басты мақсат–ұрпақ тәрбиесі.Осы орайда «Тәрбие-тал бесіктен», «Отаным–алтын ұям»,«Әжелер тағылымы», «Ананың қоғамдағы орны»,«Ұлт рухының айнасы– Отандық сезім», «Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі», «Абай боламын десең, Абайды оқы», «Дәстүрлі дініміз және қоғамдағы діни көзқарас», «Қазақ болмысы және имандылық», тағы басқа көптеген іс шаралардың көпшілік көңілінен шыққанын айтып өткен жөн. Өйткені, өнерге баулу, отансүйгіштік сезімге бөлеу, әке қадірі, ана тағылымы, тәрбие мәселесі өзек етілген шаралардың мән-мағынасы зор еді. Наурыз, сәуір айларында ардагерлер кеңесі мүшелері мектеп оқушыларымен «Қаныш Сәтбаев жайлы не білеміз?» деген тақырыпта кездесу өткізіп, әлем деңгейіндегі ғұлама ғалымның еңбегі дәріптелді. Осындай бірнеше тамаша бастамаларды ұйымдастырып жүрген ақыл-ойдың кеніші, ұлағатты ұстаз Айтжан Жүнісова апай былай дейді: «Біздің мақсатымыз – жастарға өнегелі тәлім-тәрбие бере отырып, соңымыздан абыроймен атқарған із қалдыру. Жалпы, қала ардагерлер кеңесі мүшелерінің бүгінгі таңдағы орындап жатқан қоғамдық жұмыстары көңіл қуантарлық. Алда атқарылатын жұмыстар да аз емес. Таяуда бас қосқан жиында жас ұрпақ ардагерлердің ізін жалғастырады деген ниетпен тағы бір жоспар құрдық. Ортамызға белсенді оқушы, студенттерді тартып, атадан балаға мирас болып қалған салт-дәстүрімізді насихаттау, тағы басқа да өмірде орын алып жатқан мәселелерді бірге талқылап, олардың қабілет-дарындарын жетілдіріп, өз-өзін басқару шеберліктерін арттыруды мақсат етіп отырмыз. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табады деген ниеттеміз. Сөзімді аяқтай келе барлық ардагерлерді мерекелерімен құттықтаймын. Мықты денсаулық, бақытқа толы ұзақ ғұмыр тілеймін». Айтжан апайдың сөзіне қосыла отырып, күш-қуаттарыңыз сарқылмасын, ардагерлер дегім келеді.
Сағынкүл ЖАНТУРИНА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.