Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

ӨРТТІҢ ШЫҒУ ҚАУПІ – ПЕШТЕН

ӨРТТІҢ ШЫҒУ ҚАУПІ – ПЕШТЕН

2024 жылы жылу маусымында Жезқазған қаласы тұрғылықты секторында жылыту пештерінің дұрыс еместігінен және дұрыс қолданбауынан төрт өрт оқиғасы орын алды.

Жыл сайын күзгі-қысқы маусымда өрттің жиілеп кететіні белгілі. Жекеменшік жер үйлерде өрттің шығуына көбіне-көп пештердің дұрыс салынбауы, тиісті қауіпсіздік ережелеріне мән берілмеуі себеп болып жатады. Мамандар бұл жөнінде қаншама ескерту жасағанымызбен тұрғындардың соны жүре тыңдайтындары, мән бермейтіндері өкінішті-ақ. Ең алдымен пеш орнатқанда оны маман адамға салдыру керек. Егер маман салса, ол айтқызбастан-ақ өрт қауіпсіздігі шараларын қарастырған болар еді. Мысалы, өрт шыққан көптеген үйлерде аралай жүріп, біз ондағы пештерге арнайы қорғаныштар жасалмағанын байқадық. Сонда бұл соншалықты ауыр жұмыс па? Әрине, пештен абайсызда түсіп қалған шоқ ағаш еденді қыздырып, содан өрт тұтанбағанда қайтеді? Айталық, ертелетіп жұмысқа асығып бара жатқан адам түнде жанған оттың күлін шығарып тастайыншы деп жүргенде әлі қызуы қайтпаған шоқтың еденге түсіп кеткенін байқамай да қалуы мүмкін. Ал, мұның соңы өкінішті жағдайға ұрындырады. Немесе пешті кейбір тұрғындар қабырғамен жымдастырып салып тастайды. Егер үйдің қабырғасы ағаштан тұрғызылған болса, бұл өртке себепті адам өз қолымен жасап бергенімен тең. Сондай-ақ, пештің мұржасына да сақтық шаралары өте қажет. Оның да ағашпен түйісіп қалмауын ескерген жөн. Мұндайда екі араға кірпіш өріп тастаса, әлдеқайда қауіпсіз болатындығын екінің бірі білсе де, соны істеуге келгенде ескере қоймайды. Тіпті, мұржаның көзге көрініп тұрған тұсын әкпен немесе ақ бояумен бояп қою туралы талапқа кейбір кісілер «немене сол бізді өрттен қорғап қала ма?» деп өзімізге дүрсе қоя береді. Ал, шындығында бояулы тұрған мұржаға қарап-ақ, пештің қалай жұмыс істеп тұрғанын аңғару қиын емес. Соны байқаған кезде үй иесіне ескертіп, сақтық шараларын қолға алу әлдеқайда жеңілірек болар еді. Әрине, пештен өрт шығып кетпес үшін қолданылатын сақтық шараларының түрі көп. Соның ішінде, пеш жағулы тұрғанда үйде кішкентай балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдыруға мүлдем жол беруге болмайтындығын тағы да қатаң ескерте кеткіміз келеді.

Төтенше жағдайда «101», «112» өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың бірыңғай телефоны бойынша (барлық ұялы байланыс операторлары) қоңырау шалыңыз. Өзіңізге және жақын адамдарыңызға қамқорлық жасаңыз!

М. ИБАЙДУЛЛА, Жезқазған қаласы ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты.

17:15
115
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.