Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Татуластыру рәсімдері

Татуластыру рәсімдері

Сот төрелігіне жүгінетін тараптар өзара келісімге келіп, босағадан өкпе назсыз аттаса, ол судья үшін үлкен мәртебе. Жаңа ӘРПК-нің 120-121-баптары бейбіт келісімге шақыруға арналуының өзі оған көп мән берілгенін аңғартады.
Заңнама татуласу рәсімдерінің төрт түрін қарастырады: сотта татуласу келісімін жасау; медиация немесе соттық медиация тәртібімен дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімге келу; сондай–ақ екі тараптың адвокаттарының қатысуымен дауды партисипативтік рәсімдер арқылы реттеу.
Бұған дейін тараптар арасындағы дауды бітімгершілік келісіммен бітіру тек медиаторлардың құзырында болып келгені белгілі. Ал енді екі жақты келісімге келтірудің көкжиегі кеңейтіліп, енді бұл істі атқаруды татуластырушы-судьяға да, адвокаттарға да жүктеліп отыр.
Татуластыру рәсімдерін жүзеге асыруда судьяның нақты міндеттері де заңнамамен нақтыланды. Дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуді азаматтық сот ісін жүргізудің бірден бір міндеті ретінде бекіте отырып, судьяға талап арызды қабылдаған күннен бастап тараптарды татуластыру үшін тиісті шараларды қолданып, істі қараудың барлық сатыларында талапты түсіндіру жүктеліп отыр.
Сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу азаматтық іс жүргізудің субъектілеріне тиімді және оң тұстары жетіп артылады. Біріншіден, дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу сот шешіміне қарағанда тараптардың бітімге келуіне ықпалды, екіншіден, көп жағдайларда дау тараптардың заң нормаларын дұрыс түсінбеуінен туындап жатады, ал сол нормаларды соттың тиісті түрде түсіндіруі аталған рәсімдерді жасауға ықпал етіп, дауласушы тарапты ымыраға келтірері сөзсіз, үшіншіден татуласу рәсімдері тараптар арасындағы дауға ортақ келісіммен соңғы нүкте қоюдың алғы шарты, ал сот шешімі бір тарапты ғана қанағаттандыра алуы мүмкін, төртіншіден, бұл соттың және тараптардың уақытын, қаржысын үнемдейді. Бұл ретте айта кетерлігі татуластыру рәсімдері арқылы шешімін тапқан іс бойынша төленген мемлекеттік баж салығы тараптарға қайтарылады. Тағы бір тиімділігі, сотпен бекітілген қандай да бір келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда, тараптар атқару парағы арқылы мәжбүрлі түрде орындату туралы мәселені көтеруге құқығы бар.
Жоғарыда атап өткендей татуластыру рәсімдері сотқа дейін де жүзеге асырылуы мүмкін. Дау бойынша қол жеткізілген ортақ шешімді тараптар медиатордың қатысуымен медиативті келісім арқылы, немесе екі тараптың адвокаттарының қатысуымен партисипативтік келісіммен рәсімдеуге толық құқылы. Ал осы келісімдердің орындалмауы туралы мәселе орын алса, бір тарап оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен сотқа талап арызбен жүгініп, келісім ауқымында тиісті талабын қоюға құқылы.
Өзара келісімге келу арқылы дауды реттеу бастапқы және апелляциялық, кассациялық сот талқылауларында судья кеңесі бөлмесіне кеткенге дейін жасалуы мүмкін. Тек екі жаққа тиімді мәміле басқа тұлғалардың мүддесі мен заң талабына қайшы келмеуі тиіс.
Әлбетте, оның тиімділігі мен артықшылығын, өзектілігі мен өміршеңдігін қарапайым халыққа түсіндіру бағытында үгіт насихат жұмыстарын жүргізу қажет екендігі сөзсіз.
Бабамыз мойынсұнған бітімгершіліктің алдағы уақытта да кең қолданылып, көпшілік тарапынан қолдау табарына сенімі мол.

Асхат Қошанов,
ҚР Сот әкімшілігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

09:15
218
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.