Полиция қызметінің басты мақсаты – қоғамда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Полиция қызметінің басты мақсаты – қоғамда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Азаматтарды қорғау мен заң бұзушылықтардың алдын алу – олардың ең маңызды міндеттерінің бірі. Полицияның басты ұстанымы азаматтарға қолдау көрсету мен қоғамда бейбітшілікті сақтау болғандықтан, олар көбіне қатаң жазалау шараларынан гөрі, қылмыстың алдын алу жолдарын қарастырады.
Мұндай тәсіл құқық бұзушылықтарды азайтуға, азаматтар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Әсіресе, болмашы құқық бұзушылықтар үшін түсіндіру және ескерту шараларын қолдану қатаң жазалауға қарағанда тиімді болуы мүмкін, өйткені бұл азаматтарды құқықтық жауапкершілікті түсінуге ынталандырады. Мәселен, жол ережелерін бұзған адамға айыппұл салудың орнына, оған ереженің мәнін түсіндіріп, ескерту жасау құқық бұзушылықтың қайталанбауына оң әсер етуі мүмкін.
Алайда ауыр және аса ауыр қылмыстар жағдайында полиция қызметкерлері заң талаптарына сай қатаң шараларды қолдануға мәжбүр. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыскерлердің жазасыз қалмауын қамтамасыз ету үшін қажет әрекет. Мұндай жағдайда полицияның қатаң әрекеті тек әділеттілікті орнату ғана емес, сондай-ақ қоғамда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кепілі болып табылады.
Қорыта айтқанда, полиция қызметінің міндеті – азаматтарды қудалау емес, керісінше, қоғамда тәртіп орнату және қылмыстың алдын алу арқылы қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті дамыту. Қатаң жазалау – тек төтенше жағдайларда қолданылатын шара, ал негізгі мақсат – бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету.
Асель Абдырайымова.