Сарыарқа: Жезқазғанға жаңа тыныс!
Құрметті жерлестер! Жезқазған қаласының тұрғындары үшін маңызды жаңалықпен бөліскім келеді. Жылу тапшылығын жою және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Сарыарқа магистралді газ құбыры жобасы қарқынды түрде жүзеге асуда.
Қазірдің өзінде 1800 үй табиғи газға қосылып, «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Бұл – біздің өңір үшін үлкен жетістік! Биыл газдандыру жұмыстарының 2 кезегі мен 5 іске қосу кешені сәтті аяқталды. Алдағы уақытта 3-кезек іске қосылып, 2026 жылға дейін 1500 абонент газбен қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, 91 және 92 ықшам аудандардың 11 көшесі мен Кеңгір ауылы да осы жоба аясында газға қосылмақ. Бұл дегеніміз – қолжетімді, экологиялық таза энергия көзінің біздің өмірімізге енді бір табан жақындай түсуі.
Газдандыру – бұл тек жылу мен жайлылық қана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, отынның қолжетімділігі және отбасы бюджетін тиімді пайдалану. Біз бірлесе отырып, Жезқазғанымызды заманауи, экологиялық таза қалаға айналдырамыз!
Осындай ауқымды жобаның жүзеге асуына үлес қосып жатқан мамандарға алғысымыз шексіз. Ендеше, қаламыздың болашағы жарқын болсын! Баршамызға игілік пен амандық тілеймін!
Әділ Темоханов,
Жезқазған қаласының ТКШ бөлімінің маманы.