Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану – ел экономикасының тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы
Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану – ел экономикасының тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. 2024 жылғы Жолдауда бұл мәселе айрықша назарға алынып, Үкіметке жан-жақты шаралар қабылдау тапсырылды. Осы мақсатта 17 ірі жобаның тізімі жасалып, олардың негізінде терең өңдеу тәсілін меңгеру басты бағыттардың бірі ретінде айқындалды.
Бүгінде еліміздің шикізат қоры мол болғанымен, оны терең өңдеуге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Сондықтан отандық шикізатты барынша тиімді пайдалану, өңдеуші салаларды дамыту және ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу аса маңызды. Бұл шаралар өнімнің қосымша құнын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жолдауда айтылғандай, Қарағанды облысындағы «Qarmet» металлургия комбинатына отандық инвестордың келуі кәсіпорын жұмысының тұрақтануына оң әсерін тигізді. Өндірісті жаңғырту арқылы өнім көлемін ұлғайтуға және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуға жол ашылады. Бұл өз кезегінде металлургия саласының дамуына тың серпін беріп, Қазақстанның индустриялық қуатын арттырады.
Жалпы, өнеркәсіптің дамуы ел экономикасының өсуіне және технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізуге ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан алдағы жылдары шикізатты терең өңдеу, өндіріс орындарын жаңғырту және жергілікті өнімдерді дамыту бағытын жалғастыра отырып, өнеркәсіптік әлеуетін барынша тиімді пайдалануы қажет. Осы стратегиялық қадамдар елімізді жаһандық нарықта сенімді индустриялық ойыншыға айналдыруға мүмкіндік береді.
Ерлан Конысбек.