87 жастағы шахматшы тағы да көшбасшылар үштігінен табылды: Жезқазғанда «Senat Open» туры өтті

Жезқазған қаласында шахматтан II Senat Open Ашық кубогының іріктеу кезеңі өтуде. Онда Ұлытау облысының әр түрлі өңірінен келген 96 ойыншы сайысқа түсті. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған 35 үздік спортшы 29 маусымда Семей қаласында өтетін «Орталық» аймағының жартылай финалында облыстың намысын қорғайды.
Жеке есепте 49 жасар спорт шеберлігіне кандидат, жаттықтырушы және «Шахмат альманахы» бағдарламасының бұрынғы жүргізушісі Әділхан Қожабеков бәрінен басым түсті. Екінші орынға Сәтбаев қаласының 63 жасар ойыншысы Қайрат Молдағалиев шықты. Ал жарыстың басты сенсациясы 87 жастағы ардагер Әзірбек Молдағалиевтің үшінші орын алуы болды, осы орайда оның өткен жылдың бірінші турнирінде де жеңімпаз атанғанын атап өту керек.
Командалық есепте Сәтбаев қаласының шахматшылары топ жарды, бұлар:
• Қайрат Молдағалиев,
• Әзірбек Молдағалиев,
• Алмас Сармырзаев
Бұл үштік Жезқазған мен Қаражал командаларынын басып озды.
Сонымен қатар, арнайы номинация бойынша мына төмендегі қатысушылар да марапатқа ие болды:
• ардагерлер арасында – Әлихан Шайхисламов (Жезқазған, жалпы есепте 4-ші орын);
• әйелдер арасында – Мәдина Нұрғали (Ұлытау ауданы, 25-ші орын);
• мәслихат депутаттары мен қызметкерлері арасында – Рысқалы Рақымов (Жаңаарқа ауданы, 37-ші орын);
• мемлекеттік қызметшілер арасында – Дидар Қалиев (Жезқазған, 19-шы орын);
• қоғамдық кеңестердің қызметкерлері арасында – Еркебұлан Джункураев (Сәтбаев қаласы, 7-ші орын);
• БАҚ өкілдері арасында – Алмас Сармырзаев (Сәтбаев қаласы, 5-ші орын).
Турнир «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. Ашылу салтанатында:
• Бауыржан Шыңғысов, Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы;
• Марат Айдашев, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы;
• Александр Бабенко, ҚШФ вице-президенті және Senat Open кубогының кураторы сөз сөйледі.
Турнир үш кезеңмен өтіп жатыр:
21 ақпаннан 18 мамырға дейін — бүкіл еліміз бойынша 20 іріктеу туры;
15 маусымнан 9 тамызға дейін — 5 аймақтық жартылай финал (Солтүстік, Орталық, Оңтүстік, Батыс, Шығыс);
29 тамыз күні Астанада финал өтеді.
Турнирге 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша уақыт бақылаудың кез келген нұсқасында (классика, рапид, блиц) Эло рейтингі 2000-нан төмен шахматшылар қатыса алады. Кубок маршруты бүкіл республиканы қамтиды. Бүгінге дейін турнир Түркістан, Шымкент, Астана, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалалары мен Алматы облысының Бесағаш ауылында өтті. Онда жартылай финалға шығудан үміткер1300-ден астам қатысушы сайысқа түсті.