Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жаңаарқа ауданына жұмыс сапарымен барды

Өңір басшысы ең алдымен аудан орталығында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Нысанның маңыздылығын атап өткен облыс әкімі жұмыс күшін арттырып, құрылысты жылу маусымына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстарын құрылыспен қатар жүргізіп, нысанды толық дайын күйде пайдалануға беруді міндеттеді.

Одан кейін облыс әкімі Қараағаш орманшылығына тұрақты тұқым қорын дайындайтын зертхананың құрылысын көрді. Бұл нысанның құрылысын биыл аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ қажетті мамандар құрамын қазірден бастап жасақтауды тапсырды.

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы кірпіш шығаратын цехтің жұмысымен де танысты. Мұнда облыс әкімі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ұсынылатын қайтарымсыз грант бағдарламаларына белсенді қатысуға кеңес берді.

Кейін облыс әкімі аудан аумағындағы жаңадан тартылып жатқан электр желілерінің құрылысын көрді. Өңір басшысы бөлінген қаражатты тиімді және сапалы игеруді, бұл жобаның аудан дамуына аса маңызды екенін баса айтып, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшысы асфальт-бетон зауытына барды. Мұндағы өнім жол салу саласының сапасын арттыруға сеп болатынын ескеріп, өндіріс көлемін ұлғайту мен жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Қараағаш орман шаруашылығының жұмысымен танысу барысында облыс әкімі қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына назар аударып, оны жақсарту бағытында нақты ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Жұмыс сапары барысында Қызылжар кентіндегі автокөлік көпірінің құрылысы да назардан тыс қалмады. Облыс әкімі көпірдің елдімекен үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, жобаны уақытында аяқтауға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен бірге биыл орындалуға тиіс барлық жұмысты толық аяқтап, келер жылдың жұмыстарын жер құрғасымен жалғастыруды тапсырды.

18:25
96
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.