Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Жезқазған қаласындағы этносаралық келісім – татулық пен тұрақтылықтың кепілі

Жезқазған қаласындағы этносаралық келісім – татулық пен тұрақтылықтың кепілі

Жезқазған қаласында қоғамдық келісім мен азаматтық тұтастықты нығайтуға бағытталған жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік құрылымдары арқылы іске асырылып жатқан бастамалар көпэтносты қаланың әлеуметтік өмірінде өзара сыйластық пен түсіністікті тереңдете түсуде.
Қаладағы «Халықтар достығы мен мәдениет үйі» қоғамдық келісімнің маңызды орталығы саналады. Мұнда түрлі этностардың өкілдерін біріктіретін мәдени-ағартушылық бастамалар жүзеге асырылады. Этномәдени бағыттағы іс-шаралар ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып қана қоймай, қала тұрғындарының бір-біріне деген қызығушылығын арттырып, ортақ мәдени кеңістікті қалыптастыруға ықпал етуде.
Жыл бойы білім беру ұйымдарында жастарға арналған мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қаладағы жалпы білім беретін мектепте жоғары сынып оқушыларымен өткен «Салтыңды білгенің – халқыңды сүйгенің» атты танымдық кездесу жас ұрпақтың ұлттық болмысқа деген құрметін арттыруға арналды. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы шеңберінде өткен бұл шарада отбасылық тәрбие мен рухани сабақтастық мәселелері кеңінен қозғалды.
Қалада өтетін маңызды мерекелік күндер де мазмұнды бағдарламалармен ерекшеленді. Алғыс айту күні аясында ризашылық пен татулықты дәріптейтін түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған қалалық мерекеде әртүрлі этнос өкілдері ортақ шаңырақ астында бас қосып, достық пен ынтымақтың жарқын көрінісін көрсетті.
Маусым айында өткен «Қақтығыс емес – келісім: этномедиация тұрақты диалог құрудың құралы ретінде» тақырыбындағы семинар қоғамдағы өзара түсіністік мәдениетін дамытуға бағытталды. Сонымен қатар «Сауатты жарнама – тілге құрмет» атты әдістемелік жиында қоғамдық кеңістіктегі тілдік сауаттылық пен жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Жезқазғанның мәдени өмірінде рухани мазмұндағы шаралар да маңызды орын алды. Ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы» поэзия кеші қала тұрғындары үшін әдеби кеш қана емес, рухани тағылым алаңы болды. Рухани келісім күніне орай балалар арасында «Достық қолын ұсын» сурет байқауы өткізіліп, жас буынның бейбітшілік пен татулыққа деген көзқарасы шығармашылық арқылы көрініс тапты. Осы күндері қаладағы діни бірлестіктерге арнайы барып, ізгі тілектер білдірілді, оқу орындарында тәрбиелік бағыттағы кездесулер өтті.
Ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай жергілікті басылымдарда бірлік пен келісім тақырыбындағы мақалалар жарық көріп, телеарналарда арнайы бағдарламалар мен сюжеттер ұсынылды. Мәдениет және білім беру мекемелерінде көрмелер, дөңгелек үстелдер, танымдық кездесулер ұйымдастырылып, Ассамблеяның тарихы мен жетістіктері кеңінен таныстырылды.
Бүгінде Жезқазған қаласында этносаралық келісім берік орнығып, ортақ жауапкершілік пен өзара құрметке негізделген қоғамдық ахуал қалыптасқан. Жүзеге асырылған бастамалар қала тұрғындарын ортақ мақсаттарға ұйыстырып, бірлік пен татулықтың маңызын айқындай түсті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Б.Әбен, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары.

13:15
62
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.