«ЦОН» мобильді қосымшасы: қазақстандықтар қосымша арқылы қанша қызмет түрін алады

Қазақстанда мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіп жатыр. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер тізілімінде 1448 қызмет бар, оның 1278-і онлайн форматта қолжетімді. Осындай цифрлық арналардың бірі – «ЦОН» мобильді қосымшасы. Онда 18 қызмет іске қосылған, оның ішінде бейнеқоңырау форматында 79 қызмет түрі бар, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы.
Мемлекеттің корпорацияның мәліметінше, 2025 жылы «ЦОН» мобильді қосымшасын 2 миллионнан астам адам жүктесе, 2026 жылдың басынан бері тағы шамамен 370 мың пайдаланушы қосылған. Қосымша арқылы азаматтар уақытын үнемдеп, кезекті алдын ала жоспарлап, QR-талон алып, өтініштерінің мәртебесін және құжаттарының жеткізілуін онлайн қадағалай алады.
Пайдаланушылар ең жиі таңдайтын қызметтердің бірі – электронды талон алу. Қосымша іске қосылған сәттен бері пайдаланушылар 3,5 миллионнан астам электронды талон рәсімдеген. Бұл қызмет азаматтарға бөлімшеде тіркеу рәсімін оңайлатып, қызмет алу процесін ыңғайлы етеді.
Қосымша қашықтан қызмет алу мүмкіндігін де ұсынады. Пайдаланушылар құжаттардың жеткізілуін онлайн бақылай алады, сондай-ақ «Бейне қызметі» арқылы маманмен бейнебайланысқа шығып, бөлімшеге бармай-ақ кеңес алып, қызметті рәсімдей алады.
Көлікке қатысты бірқатар рәсімдер де цифрлық форматқа көшірілген. Қосымшада автокөлікті сатып алу-сату шартын рәсімдеу, көлік тарихын тексеру, мемлекеттік тіркеу нөміріне тапсырыс беру және жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға жазылу қызметтері қолжетімді.
Мемлекеттік корпорацияның атап өтуінше, «ЦОН» мобильді қосымшасы халықпен өзара байланыстың негізгі онлайн құралдарының біріне айналды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл платформа мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен қолжетімділікті арттыру бағытында өз жұмысын жалғастырады.