Ұлытау облысында «Айбын–2026» әскери-патриоттық жиыны өтті

2026 жылғы 30 сәуірде жастардың патриоттық рухын нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Айбын–2026» әскери-патриоттық жиынының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға облыстың барлық өңірлерінен – Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа, Қаражал және Ұлытау аудандарынан келген жастар қатысты. Қатысушылар өздерінің әскери және дене дайындығын түрлі сайыстар арқылы көрсетті. Атап айтқанда, пневматикалық винтовкадан ату, АК-47 автоматын толық бөлшектеу және жинау, жүзу, сондай-ақ күштік жаттығулар бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Қыздар денені көтеру нормативін орындаса, ұлдар турникке тартылудан сынға түсті.

Жиынның ашылу салтанатында қатысушыларды Ұлытау облысы әкімінің орынбасары З. Ақылбекова және облыстық қорғаныс істері департаментінің аға офицері, подполковник Махатов Арман Берікұлы құттықтап, сөз сөйледі. Олар бейбіт өмір мен ел тыныштығын қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті.

«Айбын–2026» жиынының негізгі мақсаты – жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулу, салауатты өмір салтын насихаттау және Қарулы Күштердің беделін арттыру. Аталған іс-шара жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.
Іс-шара қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.