Мас күйінде көлік басқару – заң бұзушылық әрі қоғамға қауіпті әрекет.

Алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік құралын басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретін құқық бұзушылық.
Мұндай әрекеттердің салдары жол-көлік оқиғаларына, ауыр жарақаттарға және адам өліміне әкелуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сондай-ақ көлік құралын осындай күйдегі адамның басқаруына беру 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. Егер көлік құралын басқару құқығынан айырылған адам масаң күйде қайтадан рөлге отырса, оның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Бұл бапта айыппұл салудан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір жүргізушінің ортақ міндеті. Сондықтан құқық қорғау органдары азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда көлік тізгініне отырмауға шақырады. Тәртіп – қауіпсіздіктің кепілі. Мас күйінде көлік басқармаңыз, өз өміріңіз бен өзгенің өміріне қауіп төндірмеңіз.