Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның тұрақты дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне және азаматтардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер ететін күрделі құбылыс. Сондықтан бүгінгі таңда оның салдарымен күресуден гөрі, туындау себептерін жоюға және алдын алу шараларын күшейтуге басымдық берілуде. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – қоғамда адалдық қағидаттарын орнықтырып, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басты бағыты – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, әділдік қағидаттарын нығайту және қоғамда адал еңбек пен заңға құрмет құндылықтарын дәріптеу. Өйткені әділетті қоғам тек заңдардың қабылдануымен емес, әрбір азаматтың оларды құрметтеп, күнделікті өмірде сақтауымен қалыптасады.

Көп жағдайда сыбайлас жемқорлық тұрмыстық деңгейдегі қарапайым әрекеттерден бастау алады. Қызметті жеделдету үшін бейресми жолдарды іздеу, алғыс ретінде сыйлық немесе ақша ұсыну сияқты әрекеттер қоғамда қалыпты құбылыс ретінде қабылданбауы тиіс. Осындай ұсақ көрінетін құқық бұзушылықтардың өзі уақыт өте келе жүйелі мәселелердің қалыптасуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан қоғамда мұндай әрекеттерге төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру ерекше маңызға ие.

Бұл бағыттағы жұмыста азаматтық қоғам институттарының орны ерекше. Қоғамдық бақылау, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі, азаматтардың мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысуы мен өз құқықтарын қорғауға деген жауапкершілігі мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді. Ашық ақпарат пен қоғамдық бақылау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің маңызды құралдарының бірі болып табылады.

Қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты талап ететін үдеріс. Ол ең алдымен отбасынан, білім беру ұйымдарынан және еңбек ұжымдарынан бастау алады. Жастарға әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік және заңға құрмет сияқты құндылықтарды сіңіру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік ұстанымы бар жаңа буынды тәрбиелеуге болады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат өз қызметінде және күнделікті өмірінде әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алған кезде ғана сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін қоғамдық орта қалыптасады. Адалдықты өмірлік ұстанымға айналдыру арқылы ғана құқық үстемдігі орныққан, сенім мен әділеттілікке негізделген қоғамды бірге құра аламыз.

Б.МҰХТАР,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы.

11:25
16
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.