Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

AI & Digital Bridge 2026 форумында қандай келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды?

AI & Digital Bridge 2026 форумында қандай келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды?

Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр. Форум Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың келешегін талқылайтын орын ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар, технологиялық компаниялар, қаржы ұйымдары, университеттер мен халықаралық серіктестер арасында нақты уағдаластықтарға қол қоятын маңызды алаңға айналды.

Форум аясында жасанды интеллект, цифрлық активтер, цифрлық инфрақұрылым, білім беру, ғылыми зерттеулер, венчурлық қаржыландыру және стартаптарды қолдау салаларында меморандумдар мен келісімдерге қол қойылуда. Құжаттар бірлескен жобаларды іске қосуды, инвестиция тартуды, технологиялар мен сараптама алмасуды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты өркендетуді көздейді.

Бұл құжаттардың қабылдануы жасанды интеллекттің болашағын сөз етуден нақты технологиялық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға – есептеу қуаттарын құру мен ЖИ мамандарын даярлаудан бастап, цифрлық қаржыны, Web3 бағытын және технологиялық бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін дамытуға бет алғанымызды айқын көрсетеді.

Осы тұрғыда AI & Digital Bridge 2026 алаңында жасалған келісімдер Қазақстанның технологиялық экожүйесінің бірнеше маңызды бағытын — инфрақұрылым, инвестиция, білім беру, цифрлық қаржы және халықаралық технологиялық әріптестікті бірден қамтиды.

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен MultiBank Group цифрлық активтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасасты

AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен MEX Group Worldwide Limited (MultiBank Group, БАӘ) цифрлық активтер және таратылған тізілім технологиялары саласындағы серіктестікті нығайту бағытында маңызды құжатты қабылдады.

Құжатқа ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтурсынов пен MultiBank Group компаниясының бас коммерциялық директоры Марк Аспиналл қол қойды.

Тараптар бірнеше бағыт бойынша өзара іс-қимыл жасауға уағдаласты: цифрлық активтерді реттеу мәселелерін талқылау кезінде мемлекеттік органдарға сараптамалық қолдау көрсету, цифрлық активтер нарығы мен таратылған тізілім технологияларын дамыту, өңірлік криптохаб құру бағытында АХФО-мен бірлесіп жұмыс істеу, мемлекеттік қызметтерде блокчейн технологиясын қолдану, сондай-ақ азаматтардың қаржылық және технологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған білім беру жобаларын жүзеге асыру.

Сонымен қатар MultiBank Group Қазақстанда өңірлік кеңсе ашып, жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлап отыр.

Штаб-пәтері Дубайда орналасқан компания 18-ден астам реттеушінің бақылауымен жұмыс істейді және 100-ден астам елден келген 2 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетеді. Ынтымақтастық аясында MultiBank Group Қазақстанға 30-дан 40 миллион АҚШ долларына дейін инвестиция құруды жоспарлап отыр, оның ішінде өңірлік кеңсе ашу мен цифрлық активтер нарығын дамыту шаралары да бар. 

«Қазпошта» цифрлық активтер мен ислам қаржыландыруы саласындағы серіктестікті кеңейтеді

«Қазпошта» АҚ Abhibha Technologies Pte. Ltd. компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат цифрлық активтер және соған байланысты технологиялар саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуды көздейді.

Тараптар «Қазпочтаның» мобильді қосымшасына цифрлық активтерге қол жеткізу шешімдерін кіріктіру мүмкіндігін зерттеуді жоспарлап отыр, бұл Қазақстан азаматтарының осындай қызметтерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтуі мүмкін. Сондай-ақ әріптестік үлгілері, өнімдерді іске асыру тетіктері, заңнама талаптары және техникалық интеграция мәселелері қарастырылады.

Бұдан бөлек, Еуразиялық даму банкі мен «Қазпошта» АҚ компанияның бөлшек клиенттеріне арналған исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша цифрлық тұтынушылық қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асыру жөніндегі техникалық жәрдемдесу меморандумына қол қойды.

Бес университет «AI+X» моделі бойынша кадрлар даярлау үшін күш біріктірді

А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университеті, Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті «AI+X» кадрлар даярлау моделі бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын Университеттер консорциумын құру мақсатында бірікті.

Бұл бастама әртүрлі кәсіби және салалық бағыттарда жасанды интеллект құралдарын қолдана алатын мамандарды даярлау ісін дамытуға бағытталған.

Нархоз университеті мен CYBERPACK білім беру және технологиялар саласында әріптестік орнатады

«Нархоз университеті» КЕАҚ пен «CYBERPACK» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат білім беру саласындағы ғылыми-техникалық өзара іс-қимылды дамытуды, жастардың зерттеу және жобалау бастамаларын қолдауды, талантты студенттерді анықтап, дамытуға жағдай жасауды, сондай-ақ бірлескен білім беру шараларын ұйымдастыруды көздейді.

Astana IT University мен SOLANA SUPERTEAM KZ Web3 саласындағы білім беруді дамытады

Astana IT University пен «SOLANA SUPERTEAM KZ» корпоративтік қоры блокчейн-технологиялар, Web3 және Solana экожүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Серіктестік студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуды, цифрлық экономика үшін кадрлар даярлауды, бірлескен білім беру бағдарламаларын, хакатондарды және технологиялық кәсіпкерлік саласындағы басқа да бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.

Келісімдер клиникалық зерттеулер жүргізуге дайын клиникалық орталықтарды құру бағытында ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуды, медициналық деректер алмасуды реттеуде халықаралық тәжірибені тартуды, сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтау саясаты мен басқару жүйесін дамытуды көздейді.

AI & Digital Bridge 2026 форумында қол қойылған құжаттар жасанды интеллект, цифрлық активтер және есептеу инфрақұрылымынан бастап білім беру, цифрлық денсаулық сақтау, халықаралық технологиялық ынтымақтастық және инновациялық экожүйелерді дамытуға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды.

Бұл келісімдер форумның практикалық маңызын айқын көрсетеді: жаһандық ЖИ күн тәртібін талқылаумен қатар, оның алаңы жобаларды іске қосу, инвестиция тарту және мемлекет, бизнес, университеттер, инвесторлар мен халықаралық технологиялық компаниялар арасында серіктестік орнату үшін пайдаланылады.

21:25
27
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.