Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Сізге өзіңізден артық ешкім қамқор болмайды.

 АИТВ-адам иммун тапшылығы вирусы-әлемнің барлық елінде өзекті мәселеге айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы деректері бойынша АИТВ-жұқпасы тіркелгеннен бері 80 миллионнан аса адам осы жұқпаны жұқтырып, оның 40 миллионнан астамы бүгінгі күні бұл өмірден өткен. Қәзіргі күні 39 миллионнан астам адам осы жұқпамен өмір сүріп жатыр. 2023 жылдың жарты жылдық қорытындысы бойынша Қазақстан  Республикасында АИТВ жұқтырғандар саны 49 мыңнан асса, ал Ұлытау облысы бойынша 139 жағдай тіркелген. Бұрын бұл сырқат есірткіқұмарлар мен жезөкшелерде кездессе, қазір  ол адам талғамайтын дертке айналды. Дауасы жоқ дертті жұқтырғандардың қатарында жұмысшылар да, балалар да, жүкті әйелдер де, олардың серіктестері де, қызметкерлер де бар. АИТВ жұқпасына шалдыққандардың көпшілігі 20-39 жас аралығындағы азаматтар. Адамның иммунитеті кез кел­ген ауруға қарсы тұрып, оны же­ңуге қабілетті. Ал иммуни­тет­тің өзін жоятын сырқат адамзат үшін ең қауіпті дерт болып саналады. АИТВ (ВИЧ) – дәл сондай қау­іпті вирус. Ол асқына келе АИТВ-жұқпасының ең соңғы сатысы жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына ЖИТС (СПИД) әкеледі.  Сондықтан әр адам өзін жә­не жақын туыстарын, достарын осы індеттен қорғағысы келсе, АИТВ туралы біле жүргені артық бол­майды. Одан сақтану жолдары да қарапайым. АИТВ-жұқпасының берілу жолдары:

1. Парентералды жол. Қан арқылы жұғуы. Донор қанын, басқа да компоненттерін құйғанда, зарарсыздандырылмаған медицина, косметология, маникюр, педикюр құралдарын пайдаланғанда жұғуы мүмкін. Нашақорлар арасында есірткіні көктамырға бір шприцпен жібергенде, сонымен қатар пирсинг, тату жасатқанда жұғуы мүмкін. Сондықтан тату, құлақ тесу сияқты процедураларды арнайы кабинетте жасаған абзал. Есірткіні тұтыну мен енгізуден аулақ болу.  Жеке бастың гигиенасын сақтауға арналған құралдарды  ортақ пайдаланбау.

2. Жыныстық қатынас арқылы: адамдар қарапайым сақтану шараларына немқұрайлы қарағандықтан АИТВ-жұқпасын жұқтырады. Соңғы жыл­дары бұл сырқаттың жыныстық жол­мен берілу үлесі артып отыр. Өкінішке қарай, жұқпаның жыныстық жолмен  таралуы бақылаусыз болып отыр. АИТВ-ның бұл жолмен таралуының   алдын алудың жалғыз жолы- қауіпсіз мінез құлықты ұстану, мүшеқап пайдалану және жыныстық серіктестікпен өзара адалдықты сақтау. Ойланбай жасалған мінез-құлық әрекеттері күтпеген зардаптарға әкеледі.

3. Анадан — балаға берілуі: егер анасында вирус болса, жүктілік және босанған кезде АИТВ-жұқпасы анадан балаға жұғады. Анадан балаға тік жолымен берілуінің  алдын алу мақсатында, республикамызда жүкті әйелдерді АИТВ-жұқпасына екі рет   тексеру  ұйымдастырылған, сонымен қатар олардың серіктестері де тексеріледі. 

      АИТВ – сыртқы ортада тұрақсыз вирус – ағзадан тыс ортада тез жойылады. Індет тұрмыстық жолмен берілмейді. АИТВ — жұқпасы жөтелгенде, түшкіргенде, құшақтасқанда, сүйіскенде, қол алысқанда, әжетхана, жуынатын бөлмелерді ортақ  пайдаланғанда, асхана ыдыстарын, төсек-орын жабдықтарын ортақ қолданғанда,   маса және басқа жәндіктер шаққанда жұқпайды.

АИТВ-жұқпасының өзіне тән белгілірі жоқ. Адам иммунитеті әлсіреген соң, ол ешқандай ауруға қарсы тұра алмайды. Себепсіз, біраз уақыт қызуы көтерілуі және созылмалы іш өтуі мүмкін. Барлық дене бездері ісініп, теріге әр түрлі бөрткендер шығуы мүмкін. Салмағы түсіп, бірте-бірте ішкі органдардың үлкейуіне алып келеді. Әрине, бұл дерттің дауасы жоқ. Ол жазылмайды. Бірақ АИТВ- жұқпасын анықтаған кезден бастап адам өзін-өзі күтсе, уақытылы тамақтанып, арнайы дәрі-дәрмектерін қабылдаса, АИТВ жұқ­пасымен ұзақ уақыт өмір сүруге болады.  АИТВ-жұқпасымен ауыратын ана дер кезінде тексеріліп, ем алатын болса онда өмірге дені сау бала әкеле  алады. 

    АИТ вирусының адам ағзасында бар немесе жоғы тек зертханалық тексерістен  кейін ғана белгілі болады.  Әрбір адам өзінің АИТВ статусын білуі керек. АИТВ статусын білу  дер кезінде есепке алынып, ем алу үшін және басқа адамдарға бұл жұқпаны  жұқтырмауы үшін қажет. Қазақстан Республикасының әр азаматы АИТВ-жұқпасына тегін әрі құпия тексеріле алады. АИТВ жұқпасына тестіленуге дейінгі және тестіленуден кейінгі кеңестерді ала алады. АИТВ-жұқпасын қасақана біреуге жұқтыру қылмыстық жаза болып табылады.

   «Ұлытау облысының  ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы» мемлекеттік мекемесінде психоәлеуметтік кеңес беру кабинеті жұмыс істейді.  Егер сізді әлдебір сұрақтар мазаласа, АИТВ/ЖИТС туралы қосымша мағлұмат, кеңес алғыңыз келсе, мына мекен-жай бойынша хабарласуға болады: Жезқазған қаласы, Пирогов көшесі, 9 үй (ауруханалар қалашығы) Ұлытау облыстық ЖИТС орталығы, сенім телефоны 41-00-76. Әр адам күдіксіз өмір сүру үшін АИТВ-жұқпасына тексеруден (тестілеуден) өтіп, өз денсаулығын бақылағаны жөн.  Денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз.          

Турлина Гүлжан  Зиятайқызы «Ұлытау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресі  жөніндегі орталығы» КМҚМ-нің  дәрігер-эпидемиологы. телефон 8 7102 410076.                

11:15
19
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.