ДЕМЕУШІЛЕР КӨМЕГІМЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ
Жезқазған қаласының іргесіндегі Қабанбай батыр ауылы биыл толығымен табиғи газды тұтына бастайды. Алайда, ауылдағы тұрмысы төмен бірқатар тұрғын үшін үйлерін табиғи газға қосу мүмкіндігі болмай тұр. Оларға демеушілер көмек көрсетті.
"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ мамандары «Шұбаркөл премиум» компаниясының демеушілігімен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылар тұратын 12 үйді тегін газдандырды.
Қабанбай батыр ауылының тұрғыны Галина Форштың отбасы демеушілерден көмек алғандардың қатарында. Кейуана немересімен бірге тұрғанымен, оның зейнетақысы үйді газбен қамтуға жеткіліксіз.
– Жаңалықты естігеннен бері біз де тізім қатарынан табылсақ деп ниеттендік. Биыл орталық жылу болмағандықтан, үй жылытқышты қостық. Оның бағасын уайымдағанымыз да рас. Бізді қиын жағдайда қалдырмаған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «Шұбаркөл премиум» АҚ басшылығына алғысымыз шексіз, — дейді Галина Форш.
Газға тегін қосылған 12 отбасының тізімін Жезқазған қаласының әкімдігі ұсынды.
– Жезқазғанды газдандыру 2021 жылы іргелес кенттерден басталды. Талап кентінің тұрғындары көгілдір отынға бірінші болып қол жеткізді, бүгінгі күні мұнда 143 абоненттің 75-і газға қосылды. Жезқазған қаласы мен оған іргелес елдімекендер бойынша барлығы 2000 тұтынушы газға қол жеткізе алады. Қабанбай батыр кентінде 224 үйдің 211-і қосылған, — деп атап өтті "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қарағанды өндірістік филиалының Жезқазған газ шаруашылығы директорының міндетін атқарушы Дәулетжан Құдайбергенов.
Бұған дейін көмірмен жағылатын орталықтандырылған жылу желісіне қосылған Қабанбай батыр ауылы, қазандық ескірген соң, биылдан бастап толықтай газға көше бастады.
Табиғи газға қосылып, жылы үйде «көгілдір отынның» қызығын көре бастаған тұрғындар газ мамандарына ризашылықтарын білдіруде. Өз кезегінде «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының мамандары тұрғындарға газды пайдалануда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертуде. Ол үшін тұрғындарға ережелер жазылған ескерту парақшалары табысталды.