Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Бейбіт атомның берекеті мол

Бейбіт атомның берекеті мол

Сонымен, тарихи шешім қабылданды. Енді бір айдан соң Қазақстан халқы елімізде АЭС салу немесе салмау мәселесін жалпыхалықтық референдум арқылы шешеді.

Осылайша, қазақстандықтар мемлекет дамуына тікелей әсер ететін, тіпті энергетикалық тұрғыда өзгеге кіріптар боламыз ба, әлде бұл салада тәуелсіз күн кешеміз бе дегенді анықтайтын таңдау жасайды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ел өміріндегі маңызды қадам жұртшылықпен бірге жасалуы керек екенін атап өтті.

Президент жаһанда энергия тап­шылығы үдеп бара жатқанын әрі Қазақ­станға сенімді және экологиялық таза қуат көзі қажет екенін атап өтті. «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себе­бі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша бай­ыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек», – деді Президент өз Жолдауында. Сонымен бірге референдум мерзімін де атаған еді. Арнайы Жарлыққа да қол қойды. Енді бұқараның дұрыс шешім қабылдағаны керек. 

Энергия жеткілікті болса экономика дамиды

Негізі, энергия тапшылығының ту­ындауы мәселесі соңғы жылдары жиі айты­лып жүр. Мамандардың есеп-қиса­бынан бөлек, адамдардың энергияны өте көп тұтынатынын айналаға қарап-ақ аңғаруға болады. Адам өмірінің сапасын жақсартатын кез келген құрал энергия пайдаланады. Смартфон мен компьютерден бастап, үйдегі асүй техникалары, ыдыс пен кір жуатын машина, тазалыққа қажетті түрлі құрал, кондиционер, қыс­қасы, айналамыздағы жабдықтардың бас­ым бөлігі энергияны қажет етеді.  Оған кәсіпорындар мен өндірістерді қосыңыз. Энергияны көп тұтынатын өндірістерді былай қойғанда, тұрмыстағы құралдардың өзі жылына миллиондаған килоВатт энергия тұтынады. 

Изображение

Сөзіміз дәйекті болу үшін есеп-қисап жасап көрейік. 2014 жылдан бері әлем бойынша 14 млрд дана смартфон сатылған. Ал Қазақстан 2021 жылы 4 млн 344 мыңнан астам, 2022 жылы 4 млн 99 мың 732 дана смартфон импорттаған. Оған 2023 және 2024 жылғы деректерді, азаматтардың қолында жүрген ескі гаджеттерді қосыңыз. 2023 жылы елімізде 25,9 млн ұялы байланыс абоненті болды. Демек, тұрғындар қолында кем дегенде 12-15 млн смартфон жүр деген сөз. Әр смартфонды қуаттау үшін күніне орта есеппен 5 ватт/сағат энергия кетеді. Әлбетте, iPhone немесе Galaxy S сериясы сияқты флагман гаджеттердің энергия тұтынуы одан көп.  Енді есептеп көрелік, қуаттауына 5 ватт/сағ энергия кетсе, 12 млн смартфон күніне 60 млн ватт/сағат немесе 60 мың киловатт/сағат қуат жұмсайды. Миллиардтаған киловатт/сағат энергия өндіретін Қазақстан үшін 60 мың киловатт/сағат көп емес, әрине. Бірақ бұл қуат  смартфондарға ғана кетуі мүмкін екенін әрі жылына 21 млн 900 киловатт/сағатқа жететінін ескеру керек. Оған тұрмыста қолданылатын өзге жабдықтар, өндірістер, шаруашылықтар тұтынатын энергия мөлшерін қосыңыз. Әрі энергия тұтыну күн санап өсіп барады. Айталық, 2024 жылдың 7 айында Қазақстанда 69,3 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілсе, пайдаланылғаны 69,5 млрд кВт/сағат. Демек, қазірдің өзінде электр энергиясын импорттап отырмыз деген сөз. 

АЭС неге «жасыл»?

Бүгінде жаһандағы климаттық өзгерістер адамзат баласын алаңдатып отыр. Қазақстан да жаһан елдерінің алдында жауапкершілік алған. 2060 жыл­ға қарай атмосфераға көміртегін шығаруды мейлінше азайтуға тиіспіз. Сондықтан көмір жағатын жылу электр стансаларынан бойды аулақ салмақ керек. Өйткені Жер шарындағы орташа температураның өсуі адам денсаулығына, қоршаған ортаға кері әсер етеді. Мысал ретінде Қазақстан ауаға шығарып жатқан парниктік газды «жіліктеп» көрейік. Озон қабатын жұқартып, жердің бетін ысытып жатқан парниктік газдардың 81,6%-ы көмірқышқыл газы екен. Оның бәрін органикалық отынды, көбіне көмірді жағу арқылы ауаға шығарып жатырмыз. Парниктік газдың 12,4%-ын құрайтын метан пайдалы қазба өндіру барысында ауаға шығады. Ал жалпы парниктік газдарды ауаға шы­ғаруда көш басында 78%-бен энергетика саласы тұр. Энергетика саласында көмір пайдаланатын ЖЭО-лардың үлесі басым екені баршаға аян. Оның үстіне, олар тек көмірқышқыл газын бөлмейді. Ілесе жүретін өзге де зиянды заттар бар. Ал АЭС-тер ондай зиянды зат бөлмейді. Сол себепті әлемдегі белді экологиялық ұйымдар АЭС-терді «жасыл энергетика» көзі ретінде қарастырады. (инфографика)

Изображение

Айтпақшы, ел ішінде «Неге АЭС-ке жабысып қалдық? Жел, күн, су энер­гия­сын дамытсақ болмай ма?» дейтін сауал да бар. Мұндай пікірді, шамасы, Қазақ­станның энергетикалық стратегиясы­нан хабары жоқ азаматтар айтатын си­я­қ­ты. Әйтпесе, жаңғыртылатын қуат көздерін дамыту да еліміздің басым­дық­тары қатарына кіреді. Энергетика ми­н­ис­трлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова бізді еліміздің 2035 жылға дейінгі энергетика теңгерімі жобасымен таныстырған-ды. Аталған құжатта жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі 36% болатыны көрсетілген. Яғни, Қазақстан экономикасына жел, күн қатарлы қуат көздері 9550 МВт энергия береді. Газ пайдаланатын стансалар 27%-дық үлеспен 3046 МВт энергия өндіреді. АЭС үлесі 2400 МВт көрсеткішпен 9%-ды құрайды. Демек, энергетика секторында диверсификация  бар деген сөз. Біз АЭС-ке ғана көңіл аударып отырған жоқпыз. Өзге бағыттар да ескерілген. Алайда АЭС-тегі белгіленген қуатты пайдалану коэффиценті 90% болса, жел стансаларының мұндай көрсеткіші 35%, күн энергиясынікі 18% екенін ескеру керек. АЭС өндіретін 2,8 ГВт қуатты күннен алу үшін 4 мың гектар жерге 8,05 ГВт-тық жел электр стансасын, 28 мың 860 гектар алаңға 14,43 ГВт-тың күн электр стансасын салу керек. Бұл дегеніңіз – Астана қаласы аумағының жартысына жуығындай жер. Елорданың жалпы ауданы 72 мың 200 гектар болады. Сол себепті АЭС-тің маңызы арта түспек. Оның үстіне, АЭС-тер 60 жыл, күн және жел электр стансалары 15 жыл жұмыс істейтінін де ұмытпаған жөн. 

Міне, осы факторлар ескерілсе керек, әлемде қазір қуаты 62 мың МВт болатын 60 реактордың құрылысы жүріп жатыр. Осылайша, тұрақты даму­ды мұрат еткен мемлекеттер бейбіт атомның игілігін көруге ұмтылып келеді. Қазақстан да осы үрдістен тыс қал­мағаны жөн.

Амангелді ҚҰРМЕТ.

18:50
37
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.