Жаңғыру — заман талабы
Музей — тамырлы бәйтерекке айналған тірішіліктің, тарихтың, мәдени құндылықтардың қомақты қоймасы, айшықты айнасы. Сонымен қатар, музей тек ғылыми зерттеу, мәдени-біліктілік мекемесі ғана емес, ол ұлттың ұлттылығын айғақтайтын ерекше мәнге ие мемлекеттік мекемелердің бірі, яғни құндылықтар дүниесі. Бүгінгі қоғамда музейдің алатын орны ерекше. Еркіндік алғаннан бергі жылдардың ішінде қоғам өмірін, тарихы мен мәдениетін танып-білуге құштар жаңа ұрпақ пайда болды. Осы қоғамдық қажеттілікті кәсіби түрде жүзеге асыру музейдің қазіргі таңдағы міндеті болып табылады. Осындай музейлердің бірі Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі. Музей 1978 жылы 10 мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен ЖКМК мекемесінің тарихи-өндірістік музейі негізінде ашылды. 1988 жылы бұрынғы Жезқазған облысының көне заманнан қазіргі кезеңге дейінгі табиғаты мен тарихын бейнелейтін тұрақты экспозиция көпшілікке ұсынылды. 1997 жылдың 4 маусымынан бастап музей тарихи-археологиялық болып аталды.
Жалпы аумағы — 1202,2 ш.м, оның ішінде 940,3 ш. м. негізгі ғимарат, көрме залы — 261,9 ш. м., 1, 2 қабаттарда орналасқан экспозиция — 413,2 ш. м., көрме залының экпозициялық аумағы — 151,5 ш. м., мәжіліс залы — 55,2 ш. м. аумақты құрайды. Ғимараттың жертөлесінде археологиялық жәдігерлер, палеонтологиялық жәдігерлер, тастар мен минералдар, этнографиялық жәдігерлер, тері материалдары, ағаш, ХХ ғ. 50—70 жж. тұрмыстық заттарын, құжаттарды, кітаптарды, мұрағат құжаттарын сақтау үшін де орын қарастырылған. Музейдегі экспонаттар саны қазіргі таңда — 54000‑ға жуық сақтау бірлігін құрайды
Ұлытау облысының ежелгі дәуірден осы күнге дейінгі табиғаты мен тарихын «Сарыарқа — көне құпия мекені» және «Тарих — біздің асыл қазынамыз» атты экспозициялық залдардан көруге болады. «Сарыарқа — көне құпия мекені» атты 1 қабаттағы залында өңіріміздің көне геологиялық тарихы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сонымен қатар ежелгі тас дәуірі, қола заманы, түрік және ортағасырлық кезеңдерінің жәдігерлері, қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің үлгілері көрсетілген. Ал, «Тарих — біздің асыл қазынамыз» атты 2 қабаттағы залда «Қазақстан. ХV—ХIХғғ.», «ХХ ғасырдың 30—50 жылдарындағы саяси қозғалыстар», «Жезқазған: қалыптасу және даму тарихы», «Жезқазған қаласының Құрметті азаматтары», «Тәуелсіз Қазақстан: тұрақтылық пен өркендеу жолында» экспозициялары орын алған. Олар музейдің негізгі бағытын, саласын, ерекшелігін көрсетеді. Музейдегі тарих тұңғиығынан сыр шерткен жәдігерлер — халқымыздың ата мұрасы, асыл қасиеттері туралы құнды мәлімет беретін танымдық-құндылық жүйесі болып табылады.
Музей қорын қамтитын сонау көне замандардан қазірге дейінгі өлке тарихынан мағұлмат беретін, халқымыздың материалдық және рухани мәдениетінің құндылықтарын паш ететін түрлі мазмұндағы коллекциялар музейге келушілерге Ұлытау облысының ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заман тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді. Музей қорында сақтаулы тұрған экспонаттардың үздіктері экспозициялық залдарда музей келушілеріне ұсынылған. Ал музейдің көркем — көрме залында Ұлытау облысының белгілі қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарының көрмесі, сонымен қатар музейдің ақылы жобаларының көрмелері, кездесулер, баспасөз-конференциялар, атаулы мерейтойларға арналған көптеген іс-шаралар өтеді.
Музейдің конференц-залында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, музейлік кездесулер, дөңгелек үстелдер және Ғылыми Кеңестің отырыстары өткізіліп отырады.
Музей қызметінің негізгі бағыттары — ғылыми зерттеу, жинақтау, тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихаттау жұмыстары. Музейде 14 ғылыми қызметкер өлке тарихы және музейтану мәселелері жайында ғылыми ізденістермен айналысады. Ал өңірімізге кеңінен танымал музейіміздің қолөнер шебері Ө.Ахмет, қолөнер шебері К.Байдильдинов суретші-қалпына келтіруші Е.Исатаев, суретші-безендіруші С.Уткелова және бас суретшісі Е. А. Бейдель секілді суретшілеріміз бен А.Рахметова басшылық жасап отырған көркем-көрме бөлімінің Г. М. Сейтмаганбетова, С. Н. Искакова, Б. М. Махатова сынды қызметкерлері экспозициялық және көрмелік жұмыстарды жоғарғы деңгейде орындап, көрермен алғыстарын алуды әдетке айнадырды. Осылайша музей құрамындағы «Тарих және археология бөлімі», «Экспозиция бөлімі», «Қор сақтау бөлімі», «Экскурсия-бұқаралық бөлімі» және «Көркем-көрме бөлімдері» өздеріне жүктелген музейдің ғылыми-зерттеу және жинақтау, ғылыми-экспозициялық және көркемдік, ғылыми қор және түгендеу-сақтау, бұқаралық ғылыми-ағарту, әдістемелік және баспасөз қызметтері мен бақ жұмыстарын мақтанышқа толы абыроймен, зор жетістіктермен атқаруда.
Осы атқарылып жатқан абройлы жұмыстардың ең бастысы облысымыздың жаңадан құрылуына байланысты өткен жылы қолға алынған Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейін жаңа сатыға көтеру мәселесі. Біздің алдымызға бай өлкеміздің тарихы мен мәдениетін жан-жақты көрсету — болашақ ұрпақ алдындағы басты мақсатымыз болғандықтан музейдің негізігі құрылымын заманауй талаптарға сәйкес жаңғырту міндеті қойылды. Осы негізде ағымдағы жылы музейдің 1,2 қабаттарындағы экспозициялық залдарға реэкспозициялық жұмыстар жүргізілуімен қатар, қосымша жаңа екі залдың ашылуына байланысты музей қызметкерлерінен құралған ғылыми комиссия құрылған болатын. Осы ғылыми комиссияға басшылық жасаушы мәдениет саласының үздігі, музейдің аға ғылыми қызметкері Қожахметов Бақтияр Сапарбекұлы мен музейдің экскурсия-бұқаралық бөлімінің басшысы, талантты тарихшы Мухамедина Эльвира Ғалымқызының жетекшілігімен атқарылып жатқан ғылыми комиссияның ауқымды жұмыстары бекітілген реокспозициялық тұжырымдама айналасында өз деңгейінде атқарылып, өңір жайлы дәйекті мәліметтер жан-жақты толықтырылу үстінде.
Аталған ауқымды ғылыми жұмыстарға байланысты облысқа қарасты кенттердің, аудандардың және оларға қарасты елдімекендердің құрылуы, даму тарихы, халқының демографиясы, флорасы мен фаунасы, экономикасы, пайдалы қазбалары, минералдары, өндіріс ошақтары, тарихи-мәдени ескерткіштері, киелі жерлері мен аталған жерлердің дамуына үлес қосқан ірі тұлғалар, Ұлы Отан соғысы мен еңбектегі тыл ардагерлері, депортация, репрессия мен ашаршылық кезеңіне қатысты деректер, 1979—1989 жылдар аралығында Ауған соғысына, 1993 жылғы тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстардың ардагерлеріне, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар туралы мәліметтер, «Гиннес» рекордтар кітабына енген жерлестеріміз туралы деректер, материалдар, экспонаттар жинау кең көлемде қамтылды. Атап айтсақ:
— жыл бойына 1,2 қабаттардағы экспозициялық залдарға реэкспозициялық жұмыстар жүргізілуі мен қатар қосымша жаңа екі залдың ашылуына байланысты музей қызметкерлерінен құрылған ғылыми комиссия отырыстары;
— музей қызметкерлерінің қатысуымен музейдің 1,2 қабаттарындағы экспозициялық залдарына және жаңа залға жасалған тұжырымдама мен ғылыми-жинақтау жұмыстары нақтыланып, оларды бекітуге арналған ғылыми кеңестері;
— музей қорындағы жинақталған тарихи маңызы бар фотосуреттерді ғылыми түрде сұрыптап-сараптау жұмыстары;
— музейдің 1,2 қабаттарындағы экспозициялық залдарына және жаңа залға ғылыми-жинақтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Сонымен қатар, музейдің экскурсия-бұқаралық бөлімінің басшысы, Э. Ғ. Мухамедина мен музейдің бас суретшісі Е. А. Бейдель «Тарихи — мәдени мұраны сақтау орталығы» КММ қолдауымен өңіріміздегі тарихи-монументалды орындарға экспедицияға барып, көптеген мәліметтерге қанығып қайтты.
Аса жауапты материалдар топтамасының тақырыбына, мазмұнына сай іріктелуін, ғылыми тұжырымдалуын, маңыздылығын айқындау экспозицияларды құру барысындағы басты назардағы міндет. Ал, тақырыптық экспозицияларды толыққанды жеткізе білу, осы бағыттағы әдістерді ұтымды пайдалану кез-келген музейлік экспозицияның басты мақсаты болары анық. Олай болса, музейдегі кез-келген тақырыптың халыққа жету жолы ол — экспозиция. Музейлік қарым-қатынастың басты кескіні де — экспозиция.
Міне, осы реокспозиция жұмыстары үшін ұлттық және өзгеде материалдық құндылықтарды сақтап, болашаққа жеткізуге аса ұқыптылықпен қарай білетін музей басшысының орынбасары, музей ісінің шебері Ш. Ә. Әуелованың басшылығымен қор бөлімінің қызметкерлері музей экспозициясының кең көлемде, мазмұнды түрде толығуына үлкен ғылыми істеністер жасауда. Атап айтар болсақ: бас қор сақтаушы Қ.Жуханова, аға ғылыми қызметкер А.Жанбосынова, ғылыми қызметкер С.Есенбекова, ғылыми қызметкер Г.Кадирова және М.Бейсбекова, А.Рысбекова сияқты қор сақтаушы жас мамандар жоғарыда аталған ақпараттарды жинақтауға орасан жұмыстар атқаруда.
Әрине, музейді археологиялық экспонаттарсыз елестету әсте мүмкін емес екені сөзссіз. Музейдің тарих және археология бөлімінің мамандарынсыз істі қозғау мүмкін болмай қалатын сәттер жиі кездеседі. Осындай сәттерде тарих бөлімінің аға ғылыми қызметкері З.Ерзакова мен аға ғылыми Б.Қожахметовтың алатын орындары да ерекше.
Экспозициялық залдарды жаңарту мен қор бөлімінің заттарын тасымалдауда музейдің тазалығына аса қатты мән беретін К. Ж. Жәкембаеваның басшылығындағы музейдің шаруашылық бөлімінің қызметкерлері Т. М. Арабов, Б.Ержигитов, Г. Т. Ақжигитовалардың көзге көрінбес толассыз еңбектерін атап өткен де орынды болар.
Нәтижесінде қызметкерлеріміздің орасан зор елеулі ізденістері мен ғылыми жұмыстарының куәгері есебінде жақын уақыттарда музейімізге заманауи заңдылықтарға сай екі экспозиция қосылып, жоғары да аталған экспозициялық залдарға күрделі жаңартулар енгізілмекші екенін қуана айтқымыз келеді. Ал осы ауқымды жұмыстарға бастамашы болып, үздіксіз бақылауда ұстап, қадағалау жұмыстарын бір сәтте назардан тыс қалдырмай, музей қызметкерлерінің әрбір еңбегін бағалай білетін музей басшысы Калменова Зағира Шорақызына музей ұжымының алғысы шексіз.
Сөз соңында айтарым, музей — адамның рухани құндылықтарын дамытушы әрі бүгінгі өмірге тарих көзімен қарайтын орын, сан ғасырдың жәдігерлері сақталатын аманат айнасы болса, ал музей қызметкерлерінің негізгі мақсаты — музей жәдігерлері мен коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету, мәдени, білім беру және ғылыми зерттеу функцияларын жүзеге асыру болмақшы. Сондықтан да тәуелсіздікпен бірге келген тарихымызға, тарихи-мәдени мұраларымызға жаңаша көзқарастар қалыптастырып, өткенге құрметпен қарап, тарихи құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз.
Берік Советұлы,
Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері.