ӘРІПТЕС ТУРАЛЫ ПІКІР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауларының бірінде «Еңбек адамы қадірленсін. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» — деген болатын.
Мен, өзімнің әріптесім, Жезқазған қаласының тумасы, Қазақстан Республикасының «Құрметті автокөлікші» төс белгісінің иегері, Ұлытау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Сұлтан Рымбекұлы Шамбулов туралы пікір білдіруді жөн деп санадым.
Сұлтан Рымбекұлы Шамбулов, 1986 жылы Қарағанды политехникалық институтының Автомобилдер және автомобиль шаруашылығы мамандығын инженер-механик біліктілігі бойынша аяқтағаннан бастап, үздіксіз 38 жыл көлік саласында қызмет етіп келе жатыр. Оның ішінде, 18 жыл еліміздің әр аймақтарында түрлі өндіріс ошақтарының автокөлік кәсіпорындарында өз мамандағы бойынша қызмет атқарды. Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша, 20 жылға жуық, көлік саласында мемлекеттік қызмет атқарып келе жатыр.
Атап айтқанда, жоғарғы оқу орынын аяқтағаннан кейін, жолдамамен Қостанай облысында орналасқан автокөлік кәсіпорыны басқармасында өндірістік-техникалық бөлімі инженері лауазымында өзінің алғашқы еңбек жолын бастады. 1986-88 жылдар аралығында Қарулы күштер сапында әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1988-1998 жылдар аралығында бұрынғы Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданының Жәйрем кентінде орналасқан Жолаушылар автокөлік кәсіпорынында, Геология-барлау экспедициясында және Жәйрем кен байыту комбинатында түрлі инженерлік-техникалық қызметтерді атқарды.
1999 жылдан бастап, өз мамандығы бойынша көлік саласында мемлекеттік қызметке ауысты. 1999 жылдан бастап 2013 жылға дейін, «Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» Республикалық мемлекеттік мекемесінің Жезқазған қаласындағы бөлімінде автомобиль, теміржол және лицензиялау салаларында бас маман қызметін атқарды. Мемлекеттік қызметте жүргенде, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде сырттай білім алып, юриспруденция мамандығы бойынша заңгер біліктілігін алды.
Аталған мемлекеттік мекеменің Жезқазған қаласындағы бөлімінің қысқартылуына байланысты, 2015-2018 жылдар аралығында Жезқазған қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде сектор меңгерушісі және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінде заңгер лауазымдары бойынша қызметтер атқарды.
2018-2023 жылдар аралығында «Жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорыны» АҚ-ның механикаландырылған телімінде инженер-механик болып қызмет атқарды.
Ұлытау облысының қайта құрылуына байланысты, облыста жаңадан «Ұлытау облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы» Республикалық мемлекеттік мекемесі ашылды. Сұлтан Рымбекұлы, тәжірибелі маман ретінде, аталған мемлекеттік мекемеге шақырту алып, 2023 жылдың ақпан айынан бастап аталған инспекцияда өзінің мемлекеттік қызметін жалғастырып келеді. Жаңадан ашылған мемлекеттік мекеменің құрылуына, оның техникалақ және нормативтік-құқықтық актілермен жабдықталуына орасан еңбек сіңірді. Сұлтан Рымбекұлы өзінің мемлекеттік қызмет саласындағы мол тәжірибесін, жас мамандарға қажымай-талмай үйретіп келеді. Ол кісінің тәрбиелеген шәкірттері қазіргі уақытта еліміздің көптеген аймақтарында, әр салада қызмет атқарып жүр.
Сұлтан Рымбекұлы, үлгілі отбасы иесі. Жұбайы — Күләш Әбдіғалиқызы екеуі 35 жыл бір шаңырақтың астында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Күләш апамыз да өзінің 30 жылдан астам бар саналы ғұмырын, мектеп жасына дейінгі мекемелерде бала тәрбиесіне арнап келе жатырған — Ұлағатты ұстаз. Өнегелі ұл-қыздары да өздерінің мамандықтары бойынша, әр салада қызмет атқарып жүр.
Сөзімнің соңында, әріптесім Сұлтан Рымбекұлына, зор денсаулық, отбасына баянды бақыт тілеймін! Өзінің өндіріс саласындағы және мемлекеттік қызмет саласындағы мол тәжірибесін қолдана отырып, кейінгі жас буын өкілдерін отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу жолында өз үлесін қоса беретініне сенімдімін! Алдағы уақытта да, өңірімізде көлік саласының, көлік инфрақұрылымдарының дамуына атсалысып, аянбай еңбек ете беруіне тілектеспін!
Ұлытау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары — Әдеп жөніндегі уәкілі Мақсат Алиев.