Ұлытауда кәсіпкерге руданы заңсыз өндіру және табысты заңдастыру фактісі бойынша үкім шығарылды

Ұлытау облысында жергілікті тұрғынға қатысты жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану және қылмыстық табысты заңдастыру фактісі бойынша айыптау үкімі шығарылды.
Тергеу ҚМА-ның Ұлытау облысы бойынша департаментімен жүргізілді.
Күдікті 2020-2023 жылдар аралығында «Шығыс Қаражал» карьерінен марганец кенін лицензия мен жер қойнауын пайдалану келісімшарты жоқ болған күйде заңсыз өндірген. Нәтижесінде, алынған кеннің көлемі 16 мың тоннадан, ал мемлекетке келтірілген шығын 1,1 млрд теңгеден асты. Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында ол жалған келісімдер жасап, өзіне бақылаудағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы өңделген марганец рудасын елімізде және Ресей Федерациясында сатқан. Сауданың нәтижесінде қылмыстық табыс 3,5 млрд теңгеден асты.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сондай-ақ, оның 97,8 млн теңгеге бағаланған мүлкі, оның ішінде 5 автокөлік пен ауыл шаруашылық қожалығы тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.