Жезқазғанда ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір кентінде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Жоба аясында биыл 150 гектар алқапқа картоп егілді. Өнім көлемі жоспарланған деңгейде болған жағдайда, қолданыстағы өндірістік базаның жанынан сыйымдылығы 2 мың тонна болатын заманауи көкөніс қоймасы салынады.
Келесі жылы жобаның бірінші кезеңінде жоңышқа мен судан шөбін өсіру жоспарланған. Бұл шаруашылықты сапалы мал азығымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның екінші кезеңінде сүт бағытындағы ірі қара мал шаруашылығын дамыту көзделген. Нәтижесінде өңір тұрғындарын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда жобаның жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде 50-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.