Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ОРГАНДАРЫ ЕЛ ҚАЗЫНАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ОРГАНДАРЫ ЕЛ ҚАЗЫНАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Қаржы жүйесінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму процестеріндегі рөлі маңызды, себебі оның аясында салық жинаудан бастап шығыстарды қаржыландыруға дейінгі міндеттер қамтылады.
Ағымдағы жылдың наурыз айында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауынан кейін 8 маусымында Ұлытау облысы құрылды.
Баршаңызға белгілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылдың 11 шілдедегі қаулысымен Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті құрылды. Жаңа құрылған Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жұмысы жөнінде Департамент басшысы Ғалымжан Орыновпен сұхбаттасқан едік.

Ғалымжан Қалдыкөзұлы, Сіздердің департаменттеріңіз жаңадан құрылған құрылым. Кез-келген мекемені тасын өрге домалататын да — кадр, яғни іскер-маман. Осы мәселе Сіздерде қалай шешілуде?
Департаменттің негізгі мақсаты мен міндеті — мемлекет қазынасын толықтыру, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, көлеңкелі экономикамен күресу және мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. 
Алдымызда тұрған міндеттерді толықтай түсіне отырып, қосымша кіріс түсімдерін арттыруға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз деп сенім білдіремін.
Сонымен қатар, барлық қала, аудан әкімдері мен жауапты мемлекеттік уәкілетті орган басшыларын мемлекеттің және елдің мүддесі үшін бірлесіп, жұмыс атқаруға шақырамын.
Мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс. Біз әрқайсымыз осы аталған берік қағиданы ұстанып, еліміздің, оның ішінде Ұлытау өңірінің өркендеуі жолында аянбай қызмет атқаруымыз қажет. Қол жеткізетін жетістіктер, мемлекеттік кірістер органдарының күнделікті де, мақсатты және қарқынды жұмыстарының нәтижесінде болады деп есептеймін.
Бүгінгі таңда, Департаменттің және оның аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларының бекітілген құрылымдық штатының саны 150 бірлік болса, оның ішінде Департаментке тиесілі 80 бірлік.
Жаңадан құрылған Департаментті қалыптастыру мақсатында жалпы конкурстармен қатар, өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін жұмысқа тартудамыз. Мысалы, Ұлытау және Қарағанды облыстарында орналасқан жоғары оқу орындарымен Мемарандум жасасып, жас кадрларды тарту жолында кешенді шаралар ұйымдастырылуда.
— Жаңа облыс құрылған кезде үлкен кәсіпорындар, соның ішінде корпорация «Қазақмыс» компаниялары Ұлытау облысына тіркелетіні мәлім болған… Осы бағыт бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
Біздер «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығымен жүргізілген келісім сөздердің нәтижесінде, серіктестікті қоса алғанда оның 14 еншілес компаниялары Ұлытау облысының аумағына тіркелуі қамтамасыз етілді. Бұл аталған іс-шаралардың нәтижесі облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі әсерін тигізетіні сөзсіз. Мысалы, жыл басынан Қарағанды, кейіннен Ұлытау облысының жергілікті бюджетіне осы кәсіпорындардың төлеген салықтар көлемі 37,8 млрд. теңге болса, ол жалпы 2022 қыржы жылында жергілікті бюджетке қамтамасыз етілген 70,1 млрд. теңге кірістердің 54% құрайды.
Жалпы облысымызда ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына 19 977 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген болса, оның 3 197 (16%) заңды тұлға, 16 780 (84%) жеке кәсіпкерлер.
Заңды тұлғалардың ішінде 293 мемлекеттік ұйымдар болса, 168 коммуналдық кәсіпорындар және 2736 шаруашылық есептегі субьектілер.
Облысымызда 14654 жеке кәсіпкерлер мен 2008 шаруа қожалықтары тіркеу есебіне алынған.
Сонымен қатар, жаңадан құрылған Ұлытау облысында 24 жеке сот орындаушылар, 57 жеке адвокаттар, 2 медиатор және 35 нотариустар қызмет атқаруда.
— Ағымдағы жылғы бюджет кірістері туралы айта кетсеңіз.
Ұлытау өңірі мыс, марганец, алтын, көмір өнімдерін өндірумен қатар, үдемелі индустриялық даму бағдарламасына сай, соңғы жылдары облыс экономикасының әр саласында да даму серпіні қалыптасуда, әсіресе, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібінде және т. б. салаларында.
Облыс әкімдігінің, құқық қорғау, сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара бірлесіп атқарған іс-қимылдар нәтижесінде, салық және бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдердің болжамы асыра орындалуына қол жеткізіп отырмыз.
Соның дәлелі, жергілікті бюджет бойынша жоспар 59,4 млрд. теңге болса, нақты 70,1 млрд. теңге өндірілуі күтілуде, жыл қорытындысымен кірістер жоспарының орындалуы 120% құрайды немесе өңіріміздің қазынасына 11,2 млрд. теңге артығымен қамтамасыз етіледі.
— Жаңа облыс құрылғаннан кейін, өңірдің салық салу базасын қалыптастыру және бюджет кірістерін ұлғайту жұмыстары қалай жүргізілуде?
— Өңіріміздің салық салу базасын қалыптастыру мақсатында, Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан 2023-2025 жылдарға арналған 40 тармақтан тұратын Жол картасының жобасы әзірленді. Ағымдағы жылдың 23 желтоқсанында осы Жол картасы бойынша атқарылатын іс-шаралар тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен талқыланады және облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының бекітуіне ұсынылады.
Жол картасы аясында 2023-2025 жылдарға бекітілген бюджет түсімінің жоспарын сапалы орындау және қосымша резервтерді анықтау мақсатында, салық төлеушілерді тіркеуді жүзеге асыру үшін, Ұлытау облысындағы барлық уәкілетті мемлекеттің органдармен қажетті мәліметтер алмасатын болады.
Кеден саласы...
Бүгінгі таңда, Департаменттің кедендік ресімдеулер жұмыстары, оның ішінде транзиттік декларацияларды ресімдеу бойынша алдын ала операцияларды жүргізумен, кедендік тексеріп қарауды, халықаралық мәртебесі бар Жезқазған қаласының халықаралық әуежайында кедендік операцияларын және іс қағаздарын жүргізумен айналысу жұмыстарын іске асырылуда.
Сондай-ақ, Департамент тарапынан сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту мақсатында, «Ұлытау — кедендік ресімдеу орталығы», «Аэропорт» және «Жайрем» кеден бекеттерін ашу үшін, Департаменттің штаттық құрылымына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің қаралуында.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жөнінде айта кетсеңіз.
Әрине, халыққа және бизнес өкілдеріне көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы біздің күнделікті бақылауымызда. «Жасырын тұтынушы» және сол сияқты түрлі әдістерді қолдана отырып, біз аудандық және қалалық мемлекеттік кірістер басқармаларының жұмысына мониторинг жүргізіп отырамыз.
Департамент және аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларымен 44 мемлекеттік қызмет көрсетілетін болады, оның ішінде 27 салықтық және 17 кедендік қызметтер.
Ағымдағы жылы біздің көрсеткен мемлекеттік қызметтеріміздің 99,8% электронды форматта жүргізілді, ал Мемлекеттік кірістер комитетімен жеткізілген меже 95% болатын. Бұл республика көлемінде алдыңғы көрсеткіштердің бірі және осы жұмыс жалғасын табады деген ойдамын.
— Жалпыға бірдей декларациялауға көшу 2025 жылға дейін төрт кезеңде өтеді. Азаматтарды жалпыға бірдей декларациялау қалай жүзеге асырылуда?
Жалпыға бірдей декларациялау қолданысқа кезең-кезеңімен енгізілуде.
2022 жылы 2-кезеңде жеке тұлғаларға 270.00 нысандағы «Кірістер мен мүлік туралы» декларация тапсыру міндеттелген. Тапсыру мерзімі — 15 шілдеге дейін қағаз түрінде, ал электронды түрде тапсыратындарға — 15 қыркүйекке дейін.
Жыл басынан бастап 5235 мемлекеттік және бюждеттік мекемелердің қызметкерлері 270.00 нысандағы салық есептілігін тапсырды.
Департамент қызметкерлері апта сайын ZOOM платформасы арқылы және мемлекеттік мекемелерге барып түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында мемлекеттік қызметкерлер тарапынан туындаған көптеген көкейтесті сұрақтарға жауап берілді.
Сондай-ақ, жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға қатысты толық ақпарат ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd. gov. kz ресми сайтында орналастырылған және «Всеобщее декларирование РК» Telegram каналында, Instagram-дағы «Universal_declaration_kz», Facebook-те «Всеобщее декларирование РК» парақшаларында түсіндірмелері жүзеге асырылуда.
Биылғы жылдың қуантарлық жаңалықтары көп болды! Сұхбатымыз Жаңа 2023 жылдың қарсаңында өтуде. Ұлытау облысының тұрғындарына өз тілегіңізді білдірсеңіз.
Барша Ұлытау облысы тұрғындарын Мемлекеттік кірістер департаменті ұжымының және өз атымнан жылдың басы, жақсы тілектің жаршысы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Баршамыз жаңа жылмен бірге ізгі жаңалықтардың келуін күтеміз. Келер жаңа 2023 жыл сіздердің барлық істеріңіз бен бастамаларыңызға ақ жол ашып, мол табыстарға және жетістіктерге толы болсын.
Сіздерге зор денсаулық, қуаныш пен шаттықа толы ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ашық аспан, шуақты күндер тілеймін.
Бүгінде, Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің алдына қойылған міндеттер орасан. Мақсат айқын, оны орындауға қажетті кәсіби біліктілік, қажырлылық пен жетістікке деген ұмтылыс қызметкерлерде бар. Олар ел қазынасы — бюджетті қалыптастыруда талмай еңбек ете бермек.
— Ғалымжан Қалдыкөзұлы, сұхбатыңызға үлкен рахмет! Сізге және жаңадан құрылған ұжымыңызға ел қазынасын қалыптастыруда сәттілік тілейміз!

Эльвира АЛПАНБАЕВА.

12:10
149
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.