Жезқазғанда бірыңғай диспетчерлік орталық ашылды

Жезқазғанда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Орталық диспетчерлік орталығы ашылды. Ашылу рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен компанияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қатысты.

Жаңа орталық өндірістік үдерістерді нақты уақыт режимінде бақылауға және басқаруға арналған. Мұнда тау-кен жұмыстары, кен байыту, теміржол логистикасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағыттары біртұтас цифрлық жүйеге біріктірілген.
Орталықта өндірістік көрсеткіштер, жұмыскерлер мен техниканың орналасуы, бейнебақылау деректері және жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдау нәтижелері жинақталады. Бұл өндірістегі ауытқуларды дер кезінде анықтауға, техниканың жұмысын бақылауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен цифрлық технологияларды өндіріске енгізу Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сай келетінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы алдымызға экономиканың барлық саласы мен еліміздің барлық өңірінде цифрландыруды дамыту міндетін қойып отыр. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясының осы бағытта үлкен қадам жасағанын көріп отырмыз. Компанияның одан әрі дамуына, өндіріс тиімділігінің артуына және табысының өсуіне тілектеспін. Ең бастысы, бұл нәтиже әрбір кенші мен металлургтің тұрмыс сапасын арттырып, отбасыларының әл-ауқатына оң әсер етуі керек», – деді Есет Байкен.

Өз кезегінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі цифрландыру өндіріс тиімділігі мен жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Жоба Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында жүзеге асырылып, компанияның цифрлық трансформация бағдарламасының бір бөлігіне айналды.
Сонымен қатар компания өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту бағытында бірқатар жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Жомарт кенішінде газ-ауа ортасын үздіксіз бақылауға арналған 40 бекеттен тұратын жүйені іске қосу жоспарланған. Ал өздігінен жүретін тау-кен техникасына қауіпті газдарды анықтап, жұмыскерлерге дер кезінде ескерту жасау үшін 62 газталдағыш орнатылған.
Бұдан бөлек, өндірістік алаңдардағы сымсыз байланыс желісі кеңейтіліп, үш өңірдегі 59 нысанда бірыңғай қолжетімділікті бақылау жүйесі енгізілген.

Орталық диспетчерлік орталықтың ашылуы өндірісті басқарудың тиімділігін арттыруға, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге және жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.
