Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Ұлытау облысындағы экологиялық ахуал және өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар талқыланды

Ұлытау облысындағы экологиялық ахуал және өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар талқыланды

2026 жылғы 27 қазанда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өңірдің экологиялық жағдайына, өзекті экологиялық проблемаларды шешу бойынша қабылданып жатқан шараларға және 2024–2028 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасының іске асырылуына арналған брифинг өтті.

Брифинг спикері – Ұлытау облысы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Тынымбаев Шабдан Алшерович.

Кездесу барысында өңірдегі атмосфералық ауаның сапасы, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері, өндірістік қалдықтарды басқару, мемлекеттік экологиялық бақылау және экологиялық проблемаларды кезең-кезеңімен шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Ұлытау облысы – өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңір. Осыған байланысты қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктеменің едәуір бөлігі металлургия, тау-кен өндіру және жылу энергетикасы салаларындағы кәсіпорындардың қызметімен байланысты. Әсіресе Жезқазған қаласындағы атмосфералық ауаның сапасын жақсарту өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Экологиялық бақылау және рұқсат беру жұмыстары

Экология департаментінің құрылымында экологиялық реттеу, мемлекеттік экологиялық бақылау және зертханалық-талдамалық бақылау бөлімдері жұмыс істейді.

2026 жылы экологиялық реттеу бағыты бойынша 310 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде болжанатын қызметтің скринингі және қоршаған ортаға әсерді бағалау ауқымын айқындау бойынша 64 қорытынды, қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша 29 қорытынды беріліп, I санаттағы объектілерге 17 экологиялық рұқсат рәсімделді.

Мемлекеттік экологиялық бақылау аясында 2026 жылы 8 тексеру жүргізіліп, экологиялық заңнама талаптарының 37 бұзушылығы анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 37 нұсқама беріліп, оның 34-і орындалды.

Сонымен қатар, әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қолданылды. Жалпы 122 әкімшілік айыппұл салынып, олардың сомасы 68,9 млн теңгеден асты. Оның ішінде 87 айыппұл бойынша 55,8 млн теңгеден астам қаражат ерікті түрде мемлекет кірісіне өндірілді.

Атмосфералық ауаның сапасы және шығарындыларды азайту

Брифингте Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы атмосфералық ауаның жай-күйіне қатысты мониторинг нәтижелері де таныстырылды.

2026 жылғы зертханалық бақылау деректері бойынша Жезқазған қаласында атмосфералық ауаның ластану деңгейі өте жоғары, ал Сәтбаев қаласында жоғары деп бағаланған. Жезқазғанда фенол бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан асудың 32 жағдайы, күкіртсутек бойынша 348 жағдайы тіркелген.

Сәтбаев қаласында күкірт диоксиді бойынша 63, азот диоксиді бойынша 5 587, озон бойынша 813 және күкіртсутек бойынша 140 асып кету жағдайы анықталған.

2026 жылғы наурызда Жезқазған қаласында атмосфералық ауаның жоғары ластану жағдайы тіркелді. 14 наурызда автоматты бақылау бекетінде күкіртсутек концентрациясының шекті рұқсат етілген деңгейден 10,9 есеге дейін асқаны анықталды. Департамент жүргізген бақылау іс-шаралары барысында ластаушы заттың ықтимал көзі ретінде тұрмыстық сарқынды суларды бұруға арналған орталықтандырылған кәріз құдығы анықталған.

Өңірдегі ірі кәсіпорындар шығарындыларды азайту және өндірістік процестердің экологиялық тиімділігін арттыру бағытында табиғат қорғау іс-шараларын жүзеге асыруда.

Атап айтқанда, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы жүргізілуде. Жобаны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жобаның құны 213,76 млн АҚШ долларын құрайды.

Сондай-ақ кәсіпорындарда шаңды басу, түтін газдарын тазарту, өндірістік қалдықтарды қайталама пайдалану және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.

Автоматтандырылған мониторинг және зертханалық бақылау

Экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында облыстағы I санаттағы алты ірі кәсіпорында автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату көзделген. 2026 жылғы жағдай бойынша олардың бесеуі тиісті жүйелерге қосылған.

Сонымен қатар, Экология департаментінің зертханасы атмосфералық ауаны зерттеу бойынша аккредиттелген. Қазіргі уақытта зертхананың аккредиттеу саласын кеңейту, су мен топырақ сынамаларын зерттеу мүмкіндігін енгізу бағытында дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жезқазған және Сәтбаев қалаларында атмосфералық ауаның сапасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Таза ауа» экологиялық акциясы аясында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған.

Экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасы

Брифингтің негізгі тақырыптарының бірі – Ұлытау облысының 2024–2028 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасының орындалуы.

Құжат бес бағытты қамтитын 48 іс-шарадан тұрады. Атап айтқанда:

• атмосфералық ауаға шығарындыларды азайту – 6 іс-шара;

• су ресурстары – 13 іс-шара;

• көгалдандыру – 8 іс-шара;

• қалдықтарды басқару – 13 іс-шара;

• қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу – 8 іс-шара.

Қазіргі уақытта 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар іске асырылу сатысында.

Жол картасы аясында Жезқазған қаласының тазарту құрылыстарын жаңғырту, Кеңгір ауылының су бұру жүйесін реттеу, Сәтбаев қаласында жаңа шаруашылық-фекалдық тазарту құрылыстарын салу, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындардың шығарындыларын азайту мәселелері қарастырылған.

Бұдан бөлек, Боргез-Сай ескі қалдық қоймасын рекультивациялау және экологиялық тәуекелдерді төмендету мәселесі де өзекті бағыттардың бірі ретінде аталды.

Брифинг қорытындысында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту жүйелі әрі кешенді жұмысты талап ететіні атап өтілді. Бұл бағытта Экология департаменті тарапынан кәсіпорындардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауына бақылау жүргізу, табиғат қорғау іс-шараларының орындалуын қадағалау және қоршаған орта сапасын мониторингтеу жұмыстары жалғасады.

11:30
15
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.