Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА МЕДИАЦИЯНЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ДАУЛАРДЫ СОТТАН ТЫС РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА МЕДИАЦИЯНЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ДАУЛАРДЫ СОТТАН ТЫС РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2026 жылғы 28 қазанда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Медиацияны және дауларды соттан тыс реттеудің өзге де түрлерін кеңінен қолдану» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингке спикер ретінде Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Анар Қанатқызы Альжанова және «Халықаралық медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша бас медиаторы Жұлдыз Ахметжановна Есмурзина қатысты.

Кездесу барысында медиация институтын дамыту, дауларды сотқа дейін және соттан тыс тәртіппен реттеу тетіктерін кеңінен қолдану, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері сөз болды.

Спикерлер медиацияның қоғамдағы маңызына тоқталып, оның сот процесіне балама ретінде тараптардың өзара келісімге келуіне мүмкіндік беретін тиімді тетік екенін атап өтті. Медиацияның басты ерекшелігі – дауға қатысушылардың бірін жеңімпаз, екіншісін жеңілген тарап ретінде анықтау емес, екі жақтың да мүддесін ескеретін ортақ шешімге қол жеткізу.

Сондай-ақ медиация рәсімінің сот талқылауынан айырмашылықтары түсіндірілді. Атап айтқанда, бұл рәсім тараптардың ерікті келісімі негізінде жүзеге асырылады, уақыт пен қаржылық шығынды үнемдеуге, сондай-ақ тараптар арасындағы өзара қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді.

Брифинг барысында медиацияны отбасылық, еңбек, мүліктік және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешуде қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар заңнамада көзделген жағдайларда қылмыстық істер бойынша да медиация рәсімін қолдану тәртібі жөнінде ақпарат берілді.

Кездесуде медиацияны кеңінен насихаттау, соттар мен кәсіби медиаторлар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, мамандардың біліктілігін арттыру және дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.

Брифинг қорытындысында медиацияны дамыту азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, соттардың жүктемесін азайтуға және қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

11:35
15
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.