Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Мәртебемізді асқақтатқан мереке

Мәртебемізді асқақтатқан мереке

1990 жылғы 25 қазанда еліміз үшін айтулы оқиға болды. Осы күні Жоғарғы Кеңес Егемендік туралы декларацияны қабылдап, тəуелсіз Қазақстан жолындағы алғашқы қадамдардың бірі жасалды. Тарихи құжат қазіргі Қазақстанның қалыптасуына ерекше əсер етті.
Бұл күн – Тəуелсіздіктің бастауы.

Қазақстанның Тəуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктері, тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бағытталған батыл қадамдарының жылнамасы осы күннен басталады. Социалистік қоғамдағы болған түрлі ұғымдар алынып тасталып, еліміздің жаңа саяси жүйесі қалыптасты. Сондықтан да, бұл күн – жай ғана мереке емес, халқымыздың ғасырлар бойғы күресінің нəтижесі. Мұның бəрі – халықтың бірлігі, жарқын болашаққа деген ортақ сенімінің арқасы. Өкінішке орай, кезінде бұл мереке əлдебір себептермен күнтізбеден алынып тасталды. Алайда, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысында Республика күніне «Ұлттық мереке» деген статус беріп, халықпен қайыра қауыштырды. Ондағы мақсат – бүгінгі һəм келер ұрпақ Қазақстан Республикасының қалай пайда болғанын білуі керек, құрметтеуі керек.
Бұл мереке – жаңа Қазақстанды құрудың, елімізді жаңғырту мен дамытудың маңызды бөлігі. 1991 жылы егемендік еншісіне тигеннен кейін елімізде əрбір салада реформа жүргізілді. Экономика, білім, ауыл шаруашылығы. Қазір айтуға оңай, ал сол кезде шұғыл шешімдер қабылданды. Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең маңызды міндеттердің бірі жүйелік экономикалық реформалар жасау еді. Жетпіс жыл бойы жоспарлы экономикамен өмір сүріп келген елді бірден нарықтық жүйеге көшіру, əрине, мүмкін емес. Сондықтан күрделі реформаларды жүргізу бірнеше кезеңге созылды.
Тəуелсіздік алу – ел дамуының бастапқы кезеңі ғана. Жаңа ғасырға аяқ басқан тұста да аймағымызда күрмеуі қиын мəселелер көп еді. Қазіргідей бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінбейтін кез. Көптеген мəселелердің шешім табуына бюджет тапшылығы аяққа тұсау болды. Бірақ, халық пен мемлекет бірігіп, барлығына төтеп берді. Еліміздің қуаттылығы да осында.
Бүгінде еліміз əлем назарын өзіне аударып, сындарлы кезеңге аяқ басты, нақты шешімдер қабылданып, елдегі тұрақтылық қамтамасыз етілді. Ұлытау өңірі де өрісті өркендеп келеді. Ауыл шаруашылығында, өндірісте, кəсіпкерлікте, құрылыс саласында айтарлықтай даму бар. Біздің ендігі мақсат – осы қарқынды дамуды жалғастыру. Біз осындай күрделі кезеңде бастамаларды қолдап, бірлік, ынтымақ, сенімді диалог ұғымдары аясында топтасуымыз қажет. Өйткені, елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар халықтың əлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға, əділетті қоғамды одан əрі қалыптастыру мен қоғамдық келісімді, бірлікті нығайтуға бағытталған.
Республика күнінің жаңа мəртебеде қайта жаңғырғанына қуаныштымын. Мереке он үш жылдан кейін қайтарылып отыр. Өзіміз осындай күндерді атап өтіп, маңыздылығын насихаттамасақ, келер ұрпақ тарихымызды ұмытып қалуы да мүмкін. Республика күні – мəртебемізді асқақтатқан мереке. Сондықтан да ол баршамызға ерекше рух беріп, барлығымызды біріктіретін күн.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,
Мемлекеттік қызмет ардагері.

11:10
66
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.