Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

НАШАҚОРЛЫҚ – ІНДЕТ, ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ – МІНДЕТ!

НАШАҚОРЛЫҚ – ІНДЕТ, ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ – МІНДЕТ!

Нашақорлық мәселесі бүгінде әлем бойынша аса өткір де, өзекті де мәселеге айналып отыр. Ол тек медициналық тұрғыдан ғана емес, жалпы әлеуметтік тұрғыдан да көкейкесті мәселенің бірі болуда. 

Себебі, нашақорлыққа тәуелді он адамның тоғызының іс жүзінде толық емделіп кетуі екіталай. Олардың көпшілігі 40 жасқа дейін де өмір сүрмейді. 

Есірткіні пайдаланушылардың басым бөлігі 18-30 жас аралығындағы жастарды құрайды. Алайда, өкінішке орай, соңғы кездері есірткі пайдаланатындар қатарында балалар мен жасөспірімдер де кездесуде.

Сол себепті де біз осы мәселенің алдын алу бағытындағы жұмыстарды бірінші кезекке қойып, ұдайы профилактикалық іс-шараларды жүргізіп келеміз. 

Аталған іс-шаралардың басты мақсаты — нашақорлық және есірткі секілді ғасыр індеттері туралы толық мағлұмат беру, тыңдаушыларға адамзат ұрпағына төніп тұрған зиянды әдеттердің зардаптарын түсіндіру, олардан аулақ болуға шақыру, адамгершілік жөнінде және құқықтық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.

Осыған байланысты, аталған мақала арқылы барша азаматтарға, соның ішінде ата-аналарға нашақорлық туралы құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оның алдын алу бағытында өзіміздің тәжірибелік кеңестерімізді жеткізуді көздеп отырмыз.

Нашақорлық – есірткіні жүйелі пайдалану кезінде пайда болатын ауыр психикалық ауру. Нашақорларға жүргізілген көптеген зерттеулер, әсіресе жастарға жүргізілген сауалнамалар, әр түрлі жас топтарындағы жастардың есірткіге тәуелді болуына себеп болатын көптеген факторлар мен себептер бар екенін көрсетеді.

Есірткіге тәуелділік алкогольге қарағанда айқынырақ сипатталады. Барлығын аз уақытта шеттетіп, тез арада ішкі дүниеде бос сезім пайда болады. Қарым-қатынас ортасы тарылып, көбіне нашақорлыққа құмарлығы бар адамдарды біріктіреді. 

Нашақорлыққа тәуелді адамда тұлғаға тән сипаттағы өзгерістер пайда бола бастайды. Отбасында қақтығыстар, оқу орнында немесе жұмысында қиындықтар көбейеді. 

Ауру адамдар өз туыстарына және өзінің міндеттеріне немқұрайлы, жауапсыз қарай бастайды, моральдік тұрғыдан құлдырайды. Жеке тұлғалық ажыраумен қатар, ағзалық және психикалық деңгейде күрделі аурулар туындайды. Есірткінің алғашқы белгілері кетіп, сабырлығы жоғалады, оны тұрақты түрде іздеумен болады. Дозаның көлемін ұлғайту нәтижесінде өз іс-әрекетіне деген бақылауын жоғалтып, аз мөлшерден тыс қолдану өлімге алып келеді. Есірткіге тәуелділік көбіне қылмыстық іс-әрекеттермен ұштасады.

Кәмелетке толмағандарды есірткі қолдануға итермелейтін кейбір себептерге мыналарды жатқызуға болады.

Көбіне жасөспірімнің есірткінің қауіпті жолына түсуіне ата-аналардың жағымсыз мысалы, дөрекі қарым-қатынасы және баланы тәрбиелеуден жалтаруы түрткі болуы мүмкін. Осындай кезде ата-аналарға, мұғалімдерге, дәрігерлерге баланың немесе жасөспірімнің есірткіге алғашқы енуінің алдын алу және оны анықтау өте маңызды.

Есірткіні пайдаланатын баланың ата-анасы не істеуі керек?

Біріншіден, өзіңізді оның орнына қойыңыз. Көбінесе жасөспірімге оның проблемаларына ешкім және ешқашан алаңдамағандай болып көрінеді. Сол үшін сіз оның жағдайының қаншалықты қиын екендігін түсінетініңізді көрсеткеніңіз дұрыс болады. Ол сізбен кез-келген шынайы қажет болған уақытта сөйлесе алуға болатындай етіп келісіңіз. Ең бастысы, бала өзімен не болып жатқаны жайында сізді қызықтыратынын сезінуі қажет. Егер сіз балаңызбен дос бола алсаңыз, онда сіз ең бақытты ата-анасыз!

Екіншіден, уақытты бірге өткізіңіз. Ата-ананың баламен бірге спортпен, музыкамен, сурет салумен айнналысуы және бос уақытты бірлесіп тиімді ұйымдастыруы өте маңызды. Балада қызығушылық болуы өте маңызды әрі темекіден, алкогольден және есірткіден қорғанудың ең тиімді құралы. 

Үшіншіден, оның достарымен достасыңыз. Көбіне бала психикалық белсенді заттарды алғаш рет достарымен бірге көреді. Кейде достар сіздің балаңыздың әрекетіне үлкен әсер етуі мүмкін. Сондықтан, осы кезеңде балаңыздың достарының бос уақытын ұйымдастырылуына қатысуға тырысу, егер олар жағдайы нашар отбасылардан болса, мұндай балаларға қаржылай көмек беру арқылы оларды спортқа немесе шығармашылыққа баулу маңызды. Осылайша, сіз басқа балаларға ғана емес, ең алдымен өзіңіздің балаңызға көмектесесіз.

Төртіншіден, балаңызға үлгі болыңыз. Алкоголь, темекі немесе басқа да зиян заттарды қолданбаңыз. Себебі, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекерге айтылмаса керек. 

Енді төнірімзіз бойынша статисикалық мәліметтерге көшсек, жалпы 2023 жылы Ұлытау облысы бойынша есірткі құралдарына қатысты барлығы 19 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Қылмыстық кодекстің 296-бабымен – 9 тұлға, бұл қылмыс санаты — есірткі заттарын заңсыз сақтау;

Қылмыстық кодекстің 297-бабымен 5 тұлға, бұл қылмыс санаты — есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу; 

Қылмыстық кодекстің 300-бабымен 5 тұлға, бұл қылмыс санаты — есрікті заттарын заңсыз егіп-өсіру;

Мысалы 2023 жылы Ұлттық қауіпсіздік Комитетімен «Н» және «С» тұлғаларға қатысты ҚК-нің 297-бабымен қылмыстық іс тіркелген, тағылған айыпқа сәйкес «Н» және «С» Жамбұл облысынан 20 (50-килограмдық) марихуана есірткі затына толы қаптарды Ұлытау облысына тасымалдап, біздін аумақта сатуға іс-әрекет жасаған.

Алайда құқық қорғау органдарымен жүргізілген іс-шаралар нәтижесімен жоғарыдағы тұлғалар анықталып, ұсталған.

Нәтижесінде «Н» және «С» сот үкімімен әр-қайсысы 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған.

Назар аудар!

Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша — 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады!  

Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша — 15 жылдан өмір бойынша дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады!

Қылмыстық кодекстің 300-бабы бойынша — 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады!

* * * * *

Жоғарыдағыны ескере, Ұлытау облыс прокуратурасы ескертеді! нашақорлыққа жол берменіз! Нашақорлыққа қарсы күрес әр азамттын міндеті!    

Ұлытау облысы прокуратурасының мемлекеттік айыпты қолдау және апелляциялық сатыда қатысу Басқармасы

17:40
87
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.