Мемлекеттік тілді насихаттау және қолдану аясын кеңейту
Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Мемлекет басшысы «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ — мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің қолданыс аясын аттыра беру — мемлекеттің міндеті»,- деген болатын.
Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020—2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты — қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады.
Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Мемлекеттік тілді барынша дамытуға, беделін нығайтуға еліміздің барлық мемлекеттік органдары белсенді ат салысуы керек, сонда ғана елімізде жүргізілетін барлық жүйе бойынша мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта бермек.
Мемлекеттік тіл ең алдымен осы мемлекеттің Конституциясының тілі, сондықтан, Конституциясы жоқ елдің мемлекеттік тілі де жоқ деп есептеледі. Мемлекеттік (ресми) тіл көп жағдайда осы мемлекеттік сан жағынан басым, байырғы ұлттық тілі. Сондықтан да, әлемде мемлекеттік тілді ресми тіл дейді. Қажет болған жағдайда ресми құжаттар (заңдар, т. б.) басқа тілдерге аударылады.
Мемлекеттік тілді тиімді пайдалану жолдарының бірнеше жолдары бар, солардың бірі — өзімізден бастау алу. Келесі ол — отбасымызбен ішінара ана тілімізде сөйлесу, балаларымызға ана тілінің ролі мен тұғырын түсіндіруден бастау алу керек.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту әр азаматтың патриоттық борышы. Әр мемлекеттік қызметкер ана тілін күнделікті байланыста және қызметінде пайдаланса, мемлекеттік тілдің тұғыры міндетті түрде өз тұғырын биікке көтерері сөзсіз.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту — маңызды мәселе. Тіл саясатының жүзеге асырылуына ұдайы назар аударып отыру, сол арқылы уақыт ағымына сай туындайтын жаңа міндеттерді айқындау — жауапты мәселе. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту де зор мақсат. Бұған еліміздің тиісті сала басшылары, тілші-ғалымдар мен тіл жанашырлары әрдайым назар аударып, ортақ мәселелерге байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп отыруы — келелі іс. Әлбетте, мемлекеттік тілдің жағдайы әрбір жанашыр, ұлтжанды азаматты толғандырары сөзсіз. Баршамыз осы іске бір кісідей атсалысып, өз үлесімізді қосатын болсақ, қазақ тілінің тұғырын биіктете түсеріміз хақ. Сондықтан да, мемлекеттік тілді өз мәртебесіне сай қоғам өмірінің барлық салаларына енгізу, қолданыс аясын кеңейту
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7‑бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі екені нақтыланған. Ата Заңымыздың бұл талабы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30‑бабында, Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексінің 14‑бабында және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 738‑бабында айқын көрініс тауып, сот ісін жүргізу тілі — мемлекеттік тіл болып белгіленген. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның 4‑бабына сай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процессе қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі. Тіл туралы заңның талаптары сот саласының барлық сатыларында орындалуда. Сот талқылаулары, кіріс және шығыс хат-хабарлармен алмасу мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Жоғарғы Сот мемлекеттік тілдің шынайы жанаршылары ретінде, шын мәнінде жүйелі түрде қолдау көрсетіп, қазақ тілін сот саласының барлық сатысына кенінен қолдану мәселесі қарқынды түрде жүргізіліп келеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында тайға таңба басқандай жазылған баптары бола тұра, шын мәнінде қазақ тілінің өрісі тарылып, құлашын кең жаямай отыр. Өйткені, қазіргі сот өндірісінде жүргізілетін істердің әлі де болса 60 пайызы орыс тілінде өтеді.
Сол орыс тілінде іс жүргізетін өзіміздің қазақ тергеушілері, қазақ адвокаттары, қазақ прокурорлары және қазақ соттары. Іске қатысушылары қылмыстық іс жүргізу бойынша жәбірленуші де сотталушы да, азаматтық іс жүргізу бойынша азаматтық талапкер мен жауапкер де қазақ болса да іс орыс тілінде жүреді.
Тағы бір жедел шешімін табуды қажет ететін мәселе — ол аудармашылардың еңбек ақысын арттыру. Соттарда, құқық қорғау органдарында көрсетілетін аударма қызметтеріне төлемақы мен сыйақы мөлшер көлемін қайта қарау.
Қазақ тілінің мәртебесін арттыру тек Мемлекет басшысының немесе ғалымдардың ғана міндеті емес, барлық қазақстандықтардың міндеті, ал мемлекеттік қызметткерлерге мемлекеттік тілді білу басты мақсат болуы керек. Ал, судьялар мен сот саласы, басқа заңгерлер мен заң қызметкерлерінің ішіндегі шоқтығы биік, ең шыңы десек, қазақ тілінде дайындалатын сот үкімі, сот шешімі, сот қаулылары мен басқа ресми құжаттардың сапасын жақсартуға басты назар аударуымыз керек. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні, көптеген ресми құжаттардың сапасы сын көтермейді.
Ана тілі дегеніміз — сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәселесі ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді, делінген сөздер бар. Шындығында, тек ресми жиын-кеңестерде ғана емес, жай қарым-қатынас құралы ретінде де біз, қазақ азаматтары отырып, көбіне орыс тілін пайдаланамыз.
Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру баршамыздың міндетіміз.
Тіл тағдыры — ел тағдыры!
Сондықтан, өз тілімізді ең алдымен өзіміз құрметтеп, ана тіліміздің мәртебесін одан әрі биіктетіп, қазақ тілінің қарыштап дамуына, анамыздың ақ сүтімен дарыған, қаншама қиын-қыстаудан өтіп, еліміз Егемендік алғанда толықтай мәртебеге ие болған ана тілімізді кеңінен қолдануға шақырамын!
Е. Оспанов,
Ұлытау облыстық сотының судьясы.