Ұлытау облысында 127 референдум учаскесі дауыс беруге дайын
Ұлытау облысында республикалық референдум өткізуге арналған 127 учаскелік комиссия толық дайын. Учаскелер қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, дауыс беруді ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.
Референдумды өткізу үшін облыста 6 аумақтық және 127 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Комиссиялардың құрамында барлығы 845 адам бар.
Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Ал Жәйрем кентіндегі 6 учаскеде тау-кен байыту комбинатының ауысымдық жұмыс кестесіне байланысты дауыс беру сағат 06:00-ден 20:00-ге дейін ұйымдастырылады.
Ұлытау облысы бойынша дауыс беру тізіміне 136 447 азамат енгізілген.
Референдум күні мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған. Барлық учаскелер пандустармен және арнайы тұтқалармен жабдықталған. Сондай-ақ кресло-арба пайдаланатын азаматтарға волонтерлар көмегі көрсетіліп, облыс бойынша 7 инватакси қызметі жұмыс істейтін болады.