Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

АБЫЗ АҚСАҚАЛ, АРДАҚТЫ АРДАГЕР

АБЫЗ АҚСАҚАЛ, АРДАҚТЫ АРДАГЕР

Мемлекет және қоғам қайраткері Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов — 85 жаста!

Әке – шешесінің аңсап, сағынып күткен перзенті ғой бұл кісі. Есімінің «САҒЫНДЫҚ» деп айқайлап тұрғаны да сондықтан. Осыдан сексен бес жыл бұрын...

Қорғантас ауылында отырған Үсен мен Шәрбектің шаңырағында таң әлетінде қос бірдей перзент дүниеге келді. Алғашқысы қыз бала екен. «Мұның атын Сақып қоямыз, өзімізге серік болсын!» деп, айтып ауыз жапқанша, екінші толғақ басталды. Құдай берейін десе бере салады екен – ау… Ұл бала! Перзент көруді армандап жүрген ата-анасы оны «Сағындық» деп атауды ұйғарды.

Толғақ басталғаннан – ақ «ұл бала болса кіндік әкесі өзің боласың» дегесін, күнілгері дайын отырған Төлеген ақсақал шақалақты қолына алып, кіндігін пышақпен де, қайшымен де емес, балтамен кесті. Өзінше ырым еткені. «Ерекшелеу болып өссін» дегендегісі. Қазақтың ырымы кейде болмаса, көбіне қырын кете қоймайды.

Шәрбектің әкесі Қожамсейіт ақсақал «Төрт босағаның» бірі – Бабыр бидің баласы болатын. Айналасына сөзі өтімді, танымал кісі еді. Бірақ… Бір кем дүние демекші, ол өмірден ұл баласының жоқтығына налып өтті. Ал, соңында қалған бәйбішесі Үсен мен Шәрбектің қолында тұрып жатқан болатын. Ол күйеубаласы мен қызына «ұлды мен бауырыма басайын, шалымның атын берейін » деген қолқа салды. Өздерінің да аңсап, сағынып көрген перзенті болғанына қарамастан, олар үлкен кісінің қолын қайырмады. Сөйтіп, Сағындық нағашы әжесінің бауырында өсіп, жетілді. Осылайша, ол екі елдің тел баласы болып шыға келді. Сол бала жылдар өте келе Ұлытау аймағының ардақты ардагері, абыз ақсақалына айналды. Оның есім — сойы – Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов.

Изображение

Бірінші сыныпқа енді ғана барып жатқан кезі еді. Сол уақытта ауылда қайбір жағдай бола қойсын?! Бірнеше сыныптың оқушылары бірге оқи беретін. Мұғалімдер де қызық. Жоғары сынып оқушыларына төменгілердің білім қабылеттерін тексертіп қоятын.

Бірде мектепке кейін халқымыздың белгілі азаматына айналған Камал Смайылов келе қалмасы бар ма? Шамасы, сол кезде ол университетке енді ғана түскен студент болса керек. Құрманғали Байшұманов дейтін мұғалім болатын. Сол кісі Камалды сыныпқа ертіп келді де, «Камал, сен мына жүгірмектердің шамасын байқап жіберші» деді. Камал да мұғалімнен кем түспеді. Оқушыларға біршама сөздер жаздырып, байқап көрді. Сағындықтың жазуынан қате таппаған Камал «мына баланы бірінші сыныпта оқытпай- ақ, бірден екінші сыныпқа жіберсе де болады екен» деді. Құдайдың құдыреті, Камалдың сол сөзі заң – закүннен де күшті болып шықты. Мұғалім «енді сен екінші сыныптың балаларымен бірге оқисың» деді де, екінші сыныптағылардың арасына апарып отырғызды. Сөйтіп, ол біріншіні оқымай – ақ, оқуды бірден екінші сыныптан бастап кетті.

Оқуға зерек болды. Сабақты жақсы оқыды. Бірақ, оныншыны бітірместен мектепті «тастап кетті». «Мұнысы несі?» дерсіз? Ендеше, айтайық.

Изображение

Адамға қандай да бір талант тумысынан беріледі. Ол да жазуға икемді болды. Мектептегі, ауылдағы жаңалықтарды газетке жолдап, сол жазғандары жарық көріп, ауыл арасында «тілші бала» атанып жүрді. Аудандық газет бар болғаны бір парақ, яғни, екі бет қана болып шығатын. Өзімен бірге оқитын Советбек Бөлегенов көбіне өлең жазады. Бірде ол өлеңдерін, бұл әңгімелерін арқалап, аудандық газеттің редакциясына барды. Редактор екеуін бұрын сырттай біледі ғой, «келгендерің дұрыс болды» деп жылы қарсы алды. Содан бастап, редакциямен тығыз байланыс орнады. Маманның тапшы кезі. Тоғызыншыны бітірген жылы, жазғы каникул кезінде редакция басшылығы Сағындыққа газетке жауапты хатшы болуға ұсыныс жасады. Әрине, келісті. Сөйтіп, каникулдан соң сабаққа бармай, Ұлытау аудандық «Сталин жолы» газетінің жауапты хатшысы қызметіне кірісті. «Оныншыға бармай, мектепті тастап кетті дейтініміз» – осы. Бар болғаны он алты жасында аудандық газеттің жауапты хатшысы болу деген қазіргі кезде ешкімнің түсіне де кіре қоймас. Ал, Сәкеңнің талайына сондай бақ бұйырды.

Газетке жұмысқа тұрғаны оның айналасына тез танылуына игі әсерін тигізді. Аудандық комсомол комитетіне қызметке шақырылды. Мұнда да тындырымды, жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде танылған оған енді ауданық партия комитетінің көзі түсті. «Бұл жігітті партия жұмысына тарту керек» деген ұйғарымға келген аупартком небәрі жиырма бір жасында «Аманкелді» кеңшарына партия ұйымының хатшылығына ұсынды. Әрине, қызмет, лауазым деген жақсы ғой, бірақ, жауапкершілік бар емес пе? Бұрын мұндай жұмыста ысылмағандықтан жүрексінді. Мұнысын жасырған да жоқ.

Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ыбыжан Рахымжанов деген кісі еді. «Сағындық, атаң қазақтың «он үште отау иесі» дегенін білесің бе? Білесің. Ендеше, неге шегіншектеп тұрсың. Жиырмадан асқанда да «жаспын» десеңдер, қашан есейесіңдер? Ақылың жетсе, жұмысыңды адал атқарсаң, ісің алға басады» деді. Басқаша айтқанда, шегінетін жер қалмады.Сөйтіп, «Аманкелді» кеңшарына барды. Туған ауылы ғой. Ауыл коммунистері түгел қолдап, дауыс берді. «Білмегені болса, өзіміз үйретеміз» деді. Мұндай қолдау оның жігеріне жігер қосты. Жалындап тұрған жастық шақ қой, барын салды, аянып қалмады. Халық та әрқашан қолдап, қолтығынан демеп отырды.

Әр уақыттың өзінің жазылмаған заңдары болады. Сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша партия комитетінің хатшылары екі жыл сайын орын ауыстырып отыратын. Сәкең де екі жыл парторг болған соң, аудандық газетке жұмысқа келді. Жезді — Ұлытаудың Қарағандыға қарайтын кезі. Сәкеңнің комсомол, партия жұмысынан босап, газетке келгенін білген облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Сейфолла Оспанов хабарласты да, «Орталықтың» сол аймақтағы меншікті тілшісі боласың» деді. Өзі кемшілікті көзге шұқып көрсеткенді дұрыс санайтын кісі болатын. Басшы солай болғасын қосшылар қол қусырып, қарап отыра ма? Сәкеңнің сын мақалалары да газет бетінде бірінен соң бірі жарияланып жатты. «Құнтталмаған қаулылар», «Басшылар қызылмай», т.т. сын мақалалары, фельетондары зор талқылау тудырған дүниелер болды. Сол кезде Жезді аупарткомындағылар «осы сынағышты жанымызда ұстайық» деген болу керек, аудандық партия комитетінің үгіт — насихат бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Міне, содан бастап Сағындық Үсенұлы бірыңғай партия, кеңес органдарында қызмет атқарды. Журналистика факультетін сырттай оқып бітірді, Партия мектебінде оқыды.

Он жылдан аса Жезқазған облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімін басқарды, кейін облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жезқазған облысының кәсіптік-техникалық білім беру, тілдер, құжаттама және мұрағаттар басқармасының бастығы, Жезқазған қалалық мемлекеттік мұрағатының директоры болды. Қазақы түсінікке салсақ, бір кісідей ат үстінде жүрді, таққа мінді, мөр ұстады. Өмірдің оң – терісін де аз көрген жоқ. Еліміздің ірі – ірі тұлғаларының алдын көрді, тәлімін бойына жұқтырды.

Изображение

Екеуі де республика Үкіметін басқарған Мәсімхан Бейсебаев, Бәйкен Әшімов тәрізді тұлғалардың, Жезқазған – Ұлытау аймағына танымал Жылқыбай Аралбаев, Сұлтан Әменов, Мәкен Төрегелдин, Виктор Васильевич Гурба, сондай-ақ, Далабай Ешпанов, Ғазиз Омаров, Қалкен Мәкенбаев және т.б. азаматтардың әрқайсысы бір – бір мектеп еді. Сағындық Үсенұлы олардың әрбірі туралы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға бар. Олардың ел басқарудағы өнері, кісілік келбеттері мен адамгершілік қасиеттері аңыз іспеттес...

60 — жылдардың ортасында қыста жұт болып, мал қырылып жатты. Сонда елді аралауға келген М.Бейсебаев, Б.Әшімовтер «қанша мал өлді, неге солай болды?» деген сұрақ қойған емес. Тек қана халықтың жағдайын, елдің азық – түлігін, отын – суын сұраумен болғанын құлағымен естіді, көзімен көрді. «Елді ойлайтын азаматтар осылай болады екен ғой» дегенді көңіліне түйіп алды. Әйтпесе, Жезқазған облыстық партия комитетінің хатшысы болған Жылқыбай Аралбаев қандай еді?! Ол Кеңес заманында Әлия, Мәншүктер туралы айта келіп, «қазақтың қыздары қай заманда да батыр болған» деп, Қабанбай батырдың қызы Гауһардың, Кенесары ханның қарындасы Бопай ханымның ерліктері туралы әңгімелеп отыратын. Тарихты терең білетіні байқалатын. Журналистика саласында Сәкең аймақтағы алғашқы журналистердің бірі Әбілхасен Әміралинді ерекше бағалайды. Оның табандылығына тәнті болғанын жасырмайды. Өйткені, Әбекең өзі аудандық газеттің редакторы бола тұра, аупарткомның бөлімдерін, Кеңес органдарының жұмысын сынаған материалдарды газетке жариялай беретін. Сөзі дәлелді болғасын, өтімді де естілетін.

Қарапайым көпшіліктің арасында да небір керемет кісілер болды ғой. Солардың бірі – Мұхамедия қожа Байменов болатын. Бұл ақсақалдың «Жезқазғанда мешіт ашамын, заңды тіркеуден өткіземін» деп Сәкеңді біраз терлеткені да рас.Кеңес заманы, партияның уақыты. Биліктің көзқарасы бойынша «мешіт ашуға болмайды». Бірақ, «болмайды деп айтуға да болмайды». Жоғарының нұсқауы – солай. Мұхамедия ақсақалдың қағаздарынан әр келген сайын бір «қателік» табылады. Ол кісі қазақ, орыс, араб тілдеріне жүйрік және мәдениеті жоғары жан еді. Жағдайды да жақсы түсінетін, қатты сөзге келмейтін. Ақыры,1982 жылы Жезқазғанда мешіт ашуға рұқсат алып, заңды түрде тіркетіп, өзі оның тұңғыш имамы болды. Немесе Мәкен Төрегелдин. Майданда қаза тапқан жолдасының аманатын жеткізу үшін араға пәленбай жыл салып, оның әке – шешесін іздеп тауып, Ресейдің бір түпкіріндегі деревняға барғаны досқа адалдықтың жарқын үлгісі емес пе? Міне, осындай мектептерді көріп, біліп, көбісімен бірге қатарлас жүрген Сағындық Үсенұлының өзі де кейінгі көптеген інілерінің үлгі – өнеге тұтқан ұлағатты ұстаздарына айналды. Ізінен ерген шәкірттерінің бірі, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалған соң Жезқазғанға алғаш келіп, актив жиналысын өткізгенде, «неге бұл жиынға осы елді ел қылған, осы жерді жер қылған ағалар шақырылмаған? Айталық, Сағындық Үсенұлын неғып бұл жиыннан көре алмай отырмын?» дегені есімізде. Міне, ағаға деген құрмет!.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев Сәкеңнің сабырлы да салмақты мінезіне сүйсінісін «ешқашан ұсақтанбайтын, қалыпқа құйған қорғасындай біртұтас мінезіңізді әркез үлгі етемін» деп жеткізсе, тағы бір шәкірт інісі Әлихан Байменов: — Ұлытау, Жезқазған аймағына барып, ел тарихынан бастап бүгінгі ахуал мен өзекті мәселелерге дейін терең түсіндіре алатын кісі іздесеңіз, көзі қарақтылар сізді Сағындық Үсенұлы Қожамсейітовке бағыттайды. Тынымсыз ізденіс пен іждахаттылық табиғатына тән Сәкең – мол тәжірибені терең біліммен толықтырған қазыналы ақсақал. Қиын кезеңде дүниеге келіп, ел енді есін жия бастаған шақта ер жеткен Сағындық Үсенұлы қай жаста, қай жүйеде болсын ел мүддесіне қызмет жасаудың кілтін табу үлгісін көрсетіп жүрген тұлға. Қай лауазымда болсын Сағындық аға зиялыға тән кішіпейілдігінен ешқашан айныған емес — дейді.

Изображение

Сағындық Үсенұлының қызметі көбіне – көп идеологиялық жұмыстармен байланысты болды. Партияның сөзі – өктем, илікпейтінді де иіп жіберетіні анық. Бірақ, ұлтына қызмет етуді жүрегінің түбіне ұстанған қай азамат болса да, сол діттеген мақсатына жетпей қоймайды. С.Ү.Қожамсейітовтің Ұлытау ұлттық тарихи — табиғи қорық — мұражайын ашу, отбасылық үлгідегі балалар үйлерін ұйымдастыру, Қарағанды политехника институтының Жезқазғандағы филиалын Жезқазған тау-кен технологиясы институтына айналдыру сияқты жұмыстардың басы — қасында жүргенін тарих таңбалағанмен, көпшілік біле бермейді.

Сәкеңнің еліне, жұртына, ұлтына деген адал көңілі, қалтқысыз қызметі оның жазған мақалаларынан, зерттеу еңбектерінен айқын байқалады. Атақты ақын Мұқаш Сейтқазиновтің Сағындық ағасын «Аймақтың алтын сандығы» деп дәріптейтіні бекер емес. Алғаш 1966 жылы «Қанаттас қалалар» жинағында жарық көрген «Мыс магниткасы» зерттеу мақаласынан бастап ел, жер тарихына қатысты қаншама дүние жазылды? «Тастар сөйлейді», «Қарашаңырақ Қарсақбай», «Жезқазған» фотоальбомы, «Мұратымыз – халық игілігі, ниет – ар тазалығы» кітабы, «Жезқазған» энциклопедиялық анықтамалығы,«Ел ұраны – Ұлытау» туристерге арналған жол көрсеткіші, «Намыстан жаралған халықпыз» кітабы, «Өткен күнде белгі бар» тақырыбындағы зерттеу мақаласы, «Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедиясы. Осының бәрінде Жезқазған – Ұлытаудың кешегісі мен бүгіні һәм ертеңі бар. Мұның сыртында Отырардан Ұлытауға дейінгі аралықты керуенмен жүріп өткен «Кіші Жібек жолы», «Бұланты», «Таңбалы – Нұра » экспедицияларын ұйымдастыруды да Сәкең өз қолымен атқарып шықты.

Изображение

Жезқазғанның іргесіндегі әйгілі «Теректі әулие» жәдігерінің жер бетінен жоғалып кете жаздағанын кім біледі? Күні кешегі 80 — жылдары сондай бір масқараның алдын алған да Сәкең болатын. Теректідегі гранит тастарға қызыққан әлдекімдер сол жердегі тарихи жәдігерлерге қарамастан экскаватормен қазу жұмыстарын бастап кеткені туралы хабар құлағына тиісімен, ол анығын білмекке ұмтылды. Жел сөз рас болып шықты. Облыстық «Сарыарқа» газеті бас редакторының орынбасары Сайлаухан Нәкеновке телефон шалды, мәселені түсіндірді. Араға күн салып, проблемалық мақала газет бетінде жарқ ете қалсын! Сол кездегі Жезқазған облыстық атқару комитетінің төрағасы Шәріпбек Шардарбеков шалт қимылдайтын кісі еді, дереу шешім шығарды да, әлгі бассыздықты тоқтатты. Сөйтіп, Теректі әулие сақталып қалды.

«Ұлытау үні» фестивалі де Сәкеңнің қолдауымен өмірге жолдама алғанын білеміз бе? Осы фестиваль аясында алғаш рет ақындар айтысы өткізілді. Барлық облыстардың ақындары шақырылды. Қолөнөршілер байқауы ұйымдастырылды. Халық арасындағы қаншама шеберлердің, ісмерлердің жаңа тынысы ашылды. Қазіргі таңда «Ұлытау үні» фестивалі ел көлеміне кеңінен танылған өнер додасы болып саналады.

Изображение

1986 жылғы Желтоқсан Жезқазған аймағын да шарпыды. Өңірдегі осы тарихты бүге – шүгесіне шейін жазып, тасқа басқан Сағындық Қожамсейітов қана. Азаттықтың алауын жаққан Желтоқсанның Жезқазған – Ұлытау өңіріндегі тарихын білгісі келгендер «Жаралған намыстан қаһарман халықпыз» деген Сәкеңнің кітабын қолдарына алса болады.

Уақыттың бел баласы бола білген Сәкең ешқашан заман көшінен қалған емес. Ресми қызметтен кетсе де, қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Көптеген жылдар Жезқазған қалалық Қоғамдық Кеңесіне төраға болды. Қаланың сан – салалы шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылаудан тыс қалмады.

2022 жылы ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев Ұлытау облысын құру туралы Жарлық шығарды. «Ақ түйенің қарны жарылды». 1973 жылы Жезқазған облысының ашылуына орай «Жез атасы – Жезқазған» деген мақала жазып, «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алаш» газетіне жариялаған еді. Енді...

Республикалық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов хабарласып, Кеңестің жаңадан ашылған облыстағы бөліміне жетекшілік етуге ұсыныс жасады. «Облыс енді ашылып жатыр. Облыстық Кеңестің жұмысын аяғынан нық тұрғызуға сіздің тәжірибеңізге сүйенгім келеді» деді. Міндеттің салмағын сезінсе де, тартынбады. Міне, содан бері Сағындық Үсенұлы Ұлытау облыстық Ардагерлер Кеңесіне басшылық жасап келеді.Сәкең сондай –ақ облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар Кеңесінің де төрағасы. Екі қоғамдық ұйымның да көздеген мақсаты — біреу. Бұл ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дамыту. «Өткенді бірыңғай даттауға да, бүгінді бірыңғай мақтауға да болмайды». Бұл — Сағындық ағаның өмірлік ұстанымы.

Изображение

«Көпті көрдім, көп жасадым» деп, Әбділда ақын жырлағандай, көргені де, түйгені де көп Сәкең қандай шаруа болса да «жеті өлшеп бір кескенді» дұрыс санайды.Ол «ашық сөйлеймін» деп абыройды шашып сөйлеуді» жақтырмайды.Сондықтан да, шектен шыға ышқына сөйлеу ғадетіне жат. Ақсақалдың мұнысын жалтақтыққа, жағымпаздыққа балайтындар да жоқ емес. Осындайда белгілі бір азаматтың «Жалтақтық пен тәрбиеліліктің ара жігін ажырата алмайтындар – тәрбие көрмегендер» деген сөзі еске түседі.

Кешегі Кеңес заманы кеудесіне «Құрмет белгісі» орденін тақты. Бұл -1985 жыл болатын. Ал, 2017 жылы Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденін иеленді. Ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша 2025 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» және мемлекеттік меркелік медальдары қаншама?! Қарағанды облысының және Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы атанды. Құрмет те, атақ та, марапат та, даңқ та тектен тек келе қалмайды. Бәрі де — елге еткен еңбектің өтеуі.

Сәкең осы күндері Сексеннің Бесеуінің биігіне көтеріліп жатыр. Өткенге дана, ертеңге бала көзбен қарайтын шағы. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексеңде» демекші, Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов те Ұлытаудың қайталанбайтын дара тұлғасы, ардақты ардагері, абыз ақсақалы.

Әрине, жасы келген екінің бірін абыз деуге болмайды. Білімі – терең, парасаты – жоғары, көкірегі – даналыққа толы кісі ғана абыз атануға лайық. Ал, Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов ағамыздың бойынан осы айтылғанның бәрін де көруге болады.

Изображение

Ағасының туған күніне ақ тілек, ақжарма құттықтау жолдаған ақын інісі Мұқаш Сейтқазинов сөзін :

  — Қуанышқа толы болсын әрбір күн,

Жақсылардың атын жырмен Тауға ілдім.

100 — ден асып, Ұлытаудың Абызы,

Жаңартыңыз рекордын Жамбылдың! – деп аяқтаған екен.

Біздің де тілек – осы!

Абдолла Дастан,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

12:10
17
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.