Жезқазғанда мемлекеттік қызметшілерге арналған профилактикалық кездесу өтті

Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі және полиция қызметкерлерімен бірлесіп мемлекеттік қызметшілерге арналған профилактикалық іс-шара өткізді.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың заң талаптарын сақтау жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға құмар ойындарға қатысты қолданыстағы заңнаманың талаптары түсіндіріліп, лудоманияның жеке адамға, отбасы мен қоғамға тигізетін теріс салдары туралы айтылды.
Сонымен қатар мамандар цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне тоқталып, қызметтік ақпараттың құпиялылығын сақтау, дербес деректерді қорғау және киберқауіптердің алдын алу бойынша нақты ұсынымдар берді. Интернет-алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдері мысалдармен түсіндіріліп, азаматтардың сақтық шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Мұндай бірлескен профилактикалық іс-шаралардың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарды нығайту, сондай-ақ цифрлық ортадағы қауіпсіздік талаптарын сақтау дағдыларын қалыптастыру.
Іс-шара Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің профилактикалық жұмысы аясында және «Заң мен тәртіп» нарративін іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.