Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Орыс мектебімен қоштасқан облыс

Орыс мектебімен қоштасқан облыс

Медальдің екі жағы болатыны тәрізді, аралас мектеп туралы көпшіліктің пікірі біркелкі емес. Бірі жақтайды, бірі даттайды. Жақтайтындар аралас мектептерді ұлттық мектептерге апаратын алтын көпірге балайды. Даттайтындар «мұндай мектептерде бәрібір орыс тілі басымдыққа ие, қазақша сынып дегеннің әншейін аты ғана» дейді. Дегенмен, қазақтілді ортада жақтайтындардан гөрі даттайтындардың басым екенін ашық айту керек. «Аралас мектептерден қайтсек арыламыз?» дейтін сұрақтың қойылуы да сондықтан.

Ұлытау облысында барлығы 88 мектеп бар. 2022-2023 оқу жылында мұн­да бар­­лығы 39 601 оқушы оқыған. Со­ның 19 153-і – қазақ, 18 795-і – аралас, 1 653-і орыс мектептерінде білім алған. Қа­зақ мек­­­тебіне қатысты жағдай түсінік­ті ғой. Сон­дықтан біз аралас және орыс мек­тептеріндегі оқушылардың ұлттық құрамы қандай, олар қай тілде оқып жүр деген сұрақтардың жауабын іздестіріп көрдік. Сондағы көзіміздің жеткені, өт­кен оқу жылында аралас мектептер не­гі­зі­нен облыстың Жезқазған және Сәт­баев қалаларына орналасқанын білдік. Ай­­та­­лық, Жезқазғанда – 12, Сәтбаевта 6 ара­­лас мектеп бар. Ал мұндай мектептер саны Қаражалда – 3, Жаңаарқа ауданын­­­­­да – 2, Ұлытау ауданында – 3. Бұл – был­­­тырғы көрсеткіштер. Биылғы ахуал қалай? Сөйтсек, жаңа оқу жылын Ұлытау облысының білім беру ұйымдары бірнеше жақсы жаңалықпен бастағалы отыр.

Біріншіден, биылдан бастап облыста таза орыс тілінде сабақ жүргізетін бірде-бір мектеп қалған жоқ. Облыста бұған дейін бар-жоғы үш қана орыс мектебі, атап айтқанда, Сәтбаев қаласында – 2, Қаражал қаласында 1 мектеп болған екен. Биыл бұл мектептерде алғаш рет қазақ сыныптары ашылатын болды. Таза орыс мектептерінің жойылуы – об­лыста былтырдан бері басталған үр­діс. Өткен оқу жылында ашылғаннан бері орыс мектебі болып келе жатқан Жезқазғандағы №26 мектепте алғаш рет қазақ сыныптары пайда болып, 1-сыныпқа оқушылар қабылданған еді.

Екіншіден, облыспен аттас­ Ұлытау ауданында аралас мек­теп­тердегі орыс сыныптарына құ­жат қабылдау мүлдем тоқ­та­тыл­ды.

Үшіншіден, биыл облыс бо­йынша 4 342 бала мектеп табал­ды­рығын аттағалы тұр. Осы балалардың 81,3 пайызы, яғни, 3 519-ы қазақ сыныптарына таң­дау жасапты. Ал қазақ сыныбын таңдау өткен оқу жылында 1-сыныпқа барғандардың арасында 67 пайызды құраған еді.

Әрине, мұндай оң өзгерісті естігенде қуанасың. Бірақ мұның арғы жағында қаншама еңбек жат­қанын да түсінген абзал. Өйт­кені, ешқандай өзгеріс өзді­гі­нен бола қалмайды. Өзі қазақ бола тұра ұл-қыздарының орыс мек­тебінде немесе орыс сыны­бында оқығанын қалайтын қазақ аз ба? Аз емес. Осы орай­да, облыстағы өткен оқу жы­лын­­дағы аралас мектептердегі оқу­шы­лардың ұлттық құрамы туралы да айта кетейік. Мысалы, Жез­қазған қаласындағы 12 аралас мектепте былтыр барлығы 8 993 бала оқыса, осының 4 486-сы­ қазақ сыныптарында білім ал­ған. Ал орыс сыныптарында оқы­­ғандар саны – 4 507. Бір қара­­ғанда қазақ сыныбында оқи­тындар көп секілді. Бірақ… Өзге ұлттар өкілдерінен 16 бала ғана қазақша, ал орыс сыныптарында қазақтың 1 711 баласы оқыған екен. Мұндай жағдай басқа қала, аудандағы аралас мек­теп­терде де орын алған. Тағы да мысалға жүгінейік, Сәтбаев қаласындағы 6 аралас мек­теп­тің орыс сыныптарында оқи­тын 2 149 баланың 931-і – қазақ­тың қарадомалақтары, ал 634-і – орыс балалары. Сәтбаев қала­сындағы өзге этнос өкілдері ара­сынан 34-і ғана балаларын ара­лас мектептердегі қазақ сынып­та­рына беріпті, 574-і орыс сыныптарын таңдапты. Өзіміздің қазақ ата-аналары балаларын орыс­ша оқытуға беріп жатқанда өзге этнос өкілдеріне қайтіп өкпе арта­мыз?..

Қаражал қаласы мен қазағы қара ормандай тұтасып тұратын Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында әлі күнге дейін аралас мектептердің бар екеніне сене қою да қиын.

Қаражал қаласындағы жағ­дай түсініксіздік тудырды. Қаладағы 3 аралас мектепте барлығы 1 657 бала оқыса, мұның 1 282-сі қазақ сыныптарында білім алған. Орыс сыныптарында оқыған бар-жоғы 375 баланың да 62-сі қазақ екен. Сонда Қаражалға 3 бірдей аралас мектеп не үшін керек болды екен? Немесе Ұлытау ауданын алайық. Мұнда да 3 аралас мектепте барлығы 815 бала оқыған, мұның 748-сі – қазақ сыныбында, 67 бала ғана орыс сыныптарында білім алған. Сол 67-нің 18-і – қазақ. Жаңаарқа ауданында да осы тақылеттес жағдай. Ауданда 2 аралас мектеп бар. Мұнда оқыған 1 141 баланың 863-і – қазақ сыныбын таңдаған, орыс сынып­тарындағы 278 оқушының 112-сі қазақтың баласы. Не дейсіз енді? Осындай мәліметтерге қарағанда, Қаражал қаласы мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында бұған дейін аралас мектептерден арылу бағытында шөп басы сындырылмағаны байқалады. Басқаша қалай ойлауымыз керек?

«Балаларын қай тілде оқыту ата-аналардың шешіміне байланысты, егер олар орысша оқытқысы келсе, біз не істей аламыз?» деп алақан жайып­ ақталу білім саласының айналасында жүрген үлкенді-кішілі жұмыс істегісі жоқ шенеуніктердің ойлап тапқан сылтаулары ғана секілді. Кейде мектеп бас­шы­­­ларының немесе кейбір мұға­лім­дердің тарапынан орыс­ сы­нып­та­ры­ның сақталып қа­луы­на деген мүд­делілік те болуы­ мүмкін. Өйткені сағаттары аза­йып­ немесе мүлдем жұмыссыз қалулары да кәдік. Мұны да ескеру керек.

Аралас мектептерді азайту, ата-аналар арасында балаларын қазақ тілінде оқыту бағытында насихат жұмыстарын жүргізуге мектептерге негізі жоғарыдан тиісті талап, нақты нұсқау берілгені жөн. Еліміздің мем­лекеттік тілін үйренуге, сол тілде білім алуға көпшіліктің қызығушылығын арттыру жолдарын қарастырмаса болмайды. Ұлытау облысында білім беру ұйымдарындағы сөз басында айтылған жақсы жаңалықтар осындай жүйелі жұмыстың жемісі екені айтпаса да түсінікті.

– Облыс құрылып, білім басқармасының басшылығына келгенде қалалық жерлерді айтпағанда, Ұлытау, Жаңа­арқа аудандарында аралас­ мек­тептердің бар екенін көргенде, таң қал­ғаным рас. Сөйтіп, өткен оқу жылынан бастап Ұлытау ауданында орыс сыныптарына құжат қабылдау тоқтатылды. Бұрынғы орыс сыныптары әрине, жабылмайды, оқушылар оқуын жалғастырып, бітіріп шығатын болады. Қаражалдың 2 аралас мектебінің біреуін ғана қалдырамыз. Жаңаарқада да солай өзгереді. Ата-ана­лармен сөйлесу, жағдайды түсіндіру керек. Орыс сыныптарын бітірушілер арасында педагогика мамандықтарын таңдайтындар азшылық. Қазіргі орыс мек­теп­теріндегі, орыс сынып­та­рындағы мұғалімдердің көпшілігі зейнет жасындағы немесе соған жақын қалған мұғалімдер. Таяу болашақта орыстілді мамандар тапшылығы орын алуы әбден мүмкін. Осыны ата-аналар, әсіресе, өзіміздің қаракөздер біле бермейді, – деді бізбен әңгімесінде Ұлытау облыстық білім басқармасының басшысы Сафура Төлекова.

Сонымен Ұлытау облы­сын­дағы 26 аралас мектептің орыс сыныптарында оқыған оқушылардың үлес салмағы өткен жылы 39,2 пайызды құраған екен. Ал биыл бұл көр­сет­кіштің азая түсетіні сөзсіз. Орыс сыныптарындағы қазақ баласының үлесі 38,4 пайыз бол­ған. Егер қазақ балалары тек қана қазақ сыныптарында оқып, орыс сыныптарында орыс және өзге этнос өкілдері ғана оқыған болса, олардың үлес салмағы аралас мектептердегі оқушылардың бар болғаны 24,1 пайызын құрайды екен. Бұл нені білдіреді?

Біріншіден, бұл қалай десек те, орысша оқу азайып, қазақша көбейіп келе жатқанының айқын мысалы. Екіншіден, орысшадан ажы­рағысы жоқ қазақтардың да бар­шылық екенін көрсетіп отыр. Орыс сыныптарындағы қазақ­тар үлесінің 38, 4 пайыз болуы қатты ойлануды қажет етеді. Үшін­шіден, көп нәрсе білім беру ұйым­дарына байланысты екені бай­қалады. Облыс құрылған айналасы екі жылға жетер-жетпес уақытта бұл ба­ғыт­­та қаншама оң өзгеріс болды. Әрине, аралас мек­теп­тердің алаң­дататыны рас. Бірақ «таң атпа­йын десе де, күн қоймайды» демей ме? Ұлытау облысының білім басқармасы тарапынан қол­ға алынып жат­қан қарекеттер «таң­ның тезірек атуы»­ да тек өзіміз­дің жанды іс-қи­мылымызға бай­ланысты екенін көрсетпей ме?

Ұлытау облысы

15:55
22
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.